"Жарты миллион еуро талап етіп отыр". Билек ФИФА-ға "Астана" командасының үстінен арыз жазды

Михал Билек. Сурет "Астана" сайтынан алынды.
"Астананың" бұрынғы бас бапкері Михал Билек Халықаралық футбол федерациясына команданың үстінен шағым түсірді. Бұл туралы журналист Айдын Қожахмет жазып отыр. 

Дереккөздің ақпараты бойынша, "Астана" бұл бас бапкермен келісімшартты бұзған. Бірақ бір жақты келісім бойынша ғана. Осыған байланысты бапкердің агенті ФИФА-ның дау-дамайды шешу палатасына шағым білдірген. 

"Әңгіме үлкен ақшаға байланысты болып тұр. Команда қалған жалақысынан 200 мың еуро және тағы 200 мың еуро сыйақы ретінде беру керек. Одан бөлек, команда сапында жүрген кезде бапкердің бірнеше айлығынан ақша да ұстап тұрған. Сонымен қатар сыйақысын бермеген. Бапкерден бөлек, клуб оның көмекшісіне тағы төрт айлық жалақысын беруі қажет. 

Егер мұның бәрін қосатын болсақ, шамамен 600 мың еуро болады. Бірден айтайын: бұл әңгіме ФИФА-ға дейін жеткен. Шындық бапкердің жағында. Егер бапкер жеңіске жетсе, жоғарыдағы ақшаны толық төлеу керек. Төлемей жатса командадан ұпай алынып, трансфер жасау құқығынан айырылады", - деп жазды тілші телеграмм каналында. 

Еске салайық, 26 тамыз күні "Астана" Михал Билекпен келісімшартты бұзғаны туралы хабарлаған еді. Сол үшін де қазіргі уақытта команданың бас бапкері қызметін уақытша Пол Эшуорт атқарып келеді. 




Метки:
Жаңалықтар