Футболдан Қазақстан біріншілігінің биылғы маусымы 2021 жылы аяқталуы мүмкін

ҚКПЛ
Футболдан Қазақстан чемпионатының күнтізбесі қайта қарастырылады. Бұл туралы Vesti.kz порталының тілшісіне Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының президенті Олжас Абраев жауап берді. 

Оның айтуынша, біріншіліктің барлық ойындары бір жерде өтуі мүмкін. Сондай-ақ чемпионат 2021 жылдың көктемінде аяқталуы ықтимал. 

"ҚКПЛ елдегі эпидемиологиялық жағдайды бақылап отыр. Біз қайта енгізілген карантин талаптарын сақтап, алда болуы мүмкін деген барлық жағдайға дайынбыз. Оның ішінде бірнеше ойындарды бір жерде жағдай тұрақталған бір жерде өткізуіміз де мүмкін. 

Біріншіліктің күнтізбесі қайта қаралады. Қазір біздің басты мақсатымыз - біріншілікті 2020 жылы аяқтау. Бұған дейін де айтқанымыздан біз 2021 жылдың көктемінде де аяқтауымыз ықтимал", - деді Абраев. 

Еске салайық, 1 шілде күні Қазақстан чемпионатының үшінші туры өткен еді. Бірақ 3 шілде күні елімізде індеттің өршіп кетуіне байланысты біріншілік қайта тоқтатылды. Қазір Қазақстанда екіапталық карантин. Біріншіліктің қашан басталатыны әлі белгісіз болып тұр. 

Айта кетейік, бұған дейін "Қайрат" командасының басшысы Қайрат Боранбаев қалған барлық кездесуді Алматыда өткізуді ұсынған болатын. Бірақ ол кезде ұсынысты ешкім қолдамады. 





.


Метки:
Жаңалықтар