Бауыржан Тұрысбек "Тобылға" ауыспайтын болды

Бауыржан Тұрысбек. Сурет: ҚФФ
Қостанайлық "Тобыл" Қазақстан құрамасының шабуылшысы Бауыржан Тұрысбектің команда сапына қосылуы мүмкін деген сыбысқа байланысты пікір білдірді. 

"БАҚ беттеріне "Тобыл" Бауыржан Тұрысбекті қайта командаға шақырады деген әңгіме шығып кетті. 

Осы орайда "Тобыл" командасы бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлайды. 

Шабуылшы бұған дейін қостанайлық клуб сапында өнер көрсетіп, клубтың дамуына елеулі үлес қосты. Бірақ ол команданың трансферлік жоспарына кірмейді", - делінген клуб таратқан хабарламада. 

Айта кетейік, 28 жастағы шабуылшы қарағандылық "Шахтерден" кетіп, "Тобылға" ауысуы мүмкін деген ақпарат шыққан еді. Одан бөлек, шабуылшыда "Тараз" және "Каспий" командаларынан ұсыныс бар екен. 

"Шахтер" сапына Тұрысбек қыста ауысып, үш кездесуде бір гол соқты. Одан бөлек, ол "Жетісу", сербиялық "Раднички", семейлік "Спартак", "Сұңқар" секілді командаларда ойнаған. Қазақстан құрамасында ол 14 кездесу өткізіп, үш гол соққан. 




Метки:
Жаңалықтар