Бауыржан Исламхан өзінің футболдан шеттетілуіне байланысты пікір білдірді

Сурет "Аль-Айн" сайтынан алынды.

БАӘ елінің "Аль-Айн" және Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Бауыржан Исламхан өзінің футболдан екі жылға шеттетілуіне байланысты бірінші пікірін білдірді. Оның пікірін журналист Айдын Қожахмет өзінің телеграмм каналында салды. 

"2020 жылы 18-қыркүйекте Азия чемпиондар лигасы ойынынан кейін мен допинг-тест тапсырдым. Осы тесттен рұқсат етілмеген дәрумен табылды. Менің сынамамнан метилгексанамин дәруменінің өте аз мөлшері, яғни 90 нг/мл анықталды. Осының өзі мен бұл дәруменді әдейі пайдаланбағанымды көрсетіп тұрған шығар. 

Мен өз карьерамда мүлде допинг деген нәрсені қолданбағанмын. Спорттық режимді де ешқашан бұзған жоқпын. Сол үшін де бұл жағдай мені қатты таңғалдырды. 

Метилгексанамин дәруменін салмақ пен бұлшық ет жинау үшін бодибилдерлер қолданады. Өкінішке қарай, бұл нәрсе спортшылардың тамағынан да табылып жатады. Оны тамақ бұзылып кетпеу үшін қосады. Менің де тамағым қосылып кеткен. 11-қыркүйектен бастап мен екі аптадай командамен бірге Катарда болдым. Біз ол жерде карантин талаптарын сақтап, қонаү үйден шықпадық. Тамақты да, сусынды да сырттап сатып ала алмадық. Мен қонақ үйде берген тамақтарды жеп, тек команданың дәрігері берген тағамдарды іштім. 

Жақында мен Азия футбол комитеті Тәртіпті бақылау комитетінің нәтижесін алдым. 10 сағатқа созылған жиын кезінде АФК өкілдері мені 4 жылға шеттетіп жібергісі келген. Бірақ соңында комитет өкілдері 2020 жылдың 9-қарашасынан бастап екі жылға шеттетті. 

Мен ары қарай да кінәлі емес екенімді дәлелдеймін. Бұл шешімге шағым білдіремін. Лозаннадағы сот менің дәлелдеріме назар аударады деген сенімдемін. Қазақстанның барлық жанкүйерлерінен қолдау күтемін. Сіздердің қолдауларыңыз қазіргі уақытта маған қатты керек", - деді Исламхан. 

Айта кетейік, Исламхан 16-қыркүйек күні Азия чемпиондар лигасында "Аль-Садд" командасына қарсы кездесуден кейін допинг сынама тапсырған. Сол сынамадан оның қанынан рұқсат етілмеген дәрумен табылды. Содан кейін ол футболдан шеттетілген болатын. Бүгін капитанға қарсы ресми шешім шығып отыр.





 

Метки:
Жаңалықтар