КПЛ
18 қаңтар 2021 21:41

"Атырауды" алдағы маусымда кімнің жаттықтыратыны белгілі болды

Сурет "Атырау" сайтынан алынды.
«Атыраудың» бас бапкері Арам Восканян командамен келісімшартты ұзартты және клубтағы жұмысын жалғастырады.

Өткен жылы армениялық маман баптаған «Атырау» футбол клубы Бірінші лигада өз конференциясының үздігі атанып, Қазақстан Премьер-лигасына жолдама алған болатын. Қазіргі таңда негізінен жергілікті ойыншылардан құралған команда Түркияда өтетін оқу-жаттығу жиындарына баруға дайындық жүргізуде.

Арам Восканян «Бананц», «Арарат», «Пюник», «Мика» (Армения), «Локомотив», «Балтика» (Ресей), «Локомотив» (Өзбекстан) клубтарында көрсеткен ойынымен жанкүйерлерге жақсы таныс. Оған қоса, 2004 – 2008 жылдар аралығында Петропавлдың «Есиль-Богатырь» футбол клубында өнер көрсетіп, 137 ойында 41 гол соққанын айта кету қажет.

Арам Восканян бас бапкер ретінде де көпшілікке таныла білді. 2012 жылы «Мика» және 2018 жылы «Бананц» командаларымен Арменияның Суперкубогін ұтып алса, 2016 жылы «Бананц» футбол клубымен Армения кубогінің иегері атанды, сонымен қатар, Арам Восканян баптаған «Мика» футбол клубы Армения чемпионатының күміс және қола жүлделеріне қол жеткізген болатын.