КПЛ
4 мамыр 2021 15:12

"Астананың" бас бапкері командаға үш ай бойы айлық берілмей жатқанын айтты

Сурет "Астана" сайтынан алынды.

Елордалық "Астана" командасының бас бапкері Андрей Тихонов Meta-ratings.kz басылымына берген сұқбатында денсаулығы қалай екенін және команда үш ай бойы айлық ала алмай келе жатқанын айтып берді. 

"Рақмет, денсаулығым жақсы. Келесі ойында команданы алаң жиегінен басқара алатын шығармын. Өкпем қабынып, үйде емделуге тура келді. Команданың жаттығуын да қашықтықтан бақылап отырдым", - дейді бапкер денсаулығына байланысты қойған сұраққа. 

Сонымен қатар Тихонов команда ойыншыларының үш ай бой айлық алмағанын және футболшылардың шыдамы таусылып жатқанын да айтты. 

"Расында бізге айлық берілмегелі үш ай болды. Көпшілік білетін ақпаратты жасырудың не қажеті бар? Мұндай жағдайда команда ішінде көңіл-күйді ұстап тұрудың өзі де қиын. Футболшылар бірнеше ай бойы айлық алмаса, ол психологиялық тұрғыдан да әсер етеді. Көлік жанармайсыз жүрмейді ғой?! Бізде де дәл сондай жағдай. Соңғы рет қаңтар айында жалақы алдық. Әңгіме тек бізге айлық төлемей жатқанда емес. Мәселе бізге сол айлықты қашан беретінін айтылмай жатқаны болып тұр ғой. Егер бізге жағдай түзеледі, тек шыдаңдар, мына уақытта төлейміз десе басқаша еді. Бізге оны да айтып жатқан жоқ. Бұл команданың менеджменті мен директорға тағылып отырған сын емес. Олар қолынан келгенінің барлығын жасауда. Демеушілер мен қожайындар бар. Бірақ олардан ешқандай ақпарат жоқ. Сондықтан да біз уайымдай бастадық", - деді Тихонов. 

Айта кетейік, "Астана" Қазақстан чемпионытының тоғызыншы турынан кейін 23 ұпай жинап, турнир кестесінде бірінші орында келеді.