ҚПЛ
26 тамыз 2020 16:13

"Астана" Михал Билектің орнын кім басатынын мәлімдеді

Михал Билек. Сурет "Астана" сайтынан алынды.
"Астана" командасының басшылары бас бапкер Михал Билекпен келісімшартты бұзды. 

Енді команданың бас бапкері қызметін уақытша Пол Эшуорт атқаратын болады. Ол "Питерборо" (Англия), "Вентспилс", "Рига", "Сконто" (все - Латвия), "Ростов" (Россия), "Саншайнз Старс" (Нигерия) секілді командаларда бас бапкерлік қызмет атқарған. 

Сонымен қатар Эшуортта "PRO" бапкерлік категориясы да бар. Бірнеше команданы еурокубок ойындарына бастап шыққан. Ол УЕФА аясында өтетін турнирлерде 30 шақты кездесуде бапкер болған. 

55 жастағы Билек "Астана" тізгінін қаңтар айында ұстады. Ол украиналық маман Роман Григорчуктің орнына келген еді. Сондай-ақ чех маманы Қазақстан құрамасының да бас бапкері. Бұл бапкердің бастамасымен Қазақстан құрамасы Еуро-2020 іріктеу турнирінде бесінші орын алса, "Астанамен" ол Қазақстан суперкубогін жеңіп алды.

Еске салайық, 18 тамыз күні "Астана" Беларусь жерінде Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінде "Динамо-Брес" командасына қарсы кездесу өткізіп, 3:6 есебімен жеңіліп қалды. Енді елордалық команда Еуропа лигасында ойнайды.

25 тамыз күні "Астана" Қазақстан Премьер-лигасында бірінші рет жеңілді. Алматыда өткен ойындар Билектің командасы қостанайлық "Тобылдан" 2:0 есебімен ұтылды. Осылайша "Астана" көш бастап келе жатқан "Қайраттан" алты ұпайға қалып кетті.