Aladop.kz сайтына белгілі болғандай, "Қызыл-Жар" клубының қорғаушысы Әлібек Қасым Қазақстан құрамасының алдағы ойындарына шақырту алады. Ұлттық құраманың бас бапкері Талғат Байсуфинов жас футболшымен байланысқа шыққан көрінеді.
Әлібек бұған дейін берген сұхбатында ұлттық құраманың намысын қорғау өзінің арманы екенін мәлімдеген еді:
- Мен мұны қатты қалаймын, шын жүректен ұлттық құрамада ойнауды армандаймын. Біздің ел үшін үлкен матчтарда ойнау - менің арманым. Мен бұл үшін тырысамын, бар күшімді саламын. Алаңда мен өзіме байланысты болған барлық нәрсені жасаймын. Қалғанын бас бапкер шеше жатар.
Айта кетейік, Әлібек премьер-лигада қатарынан төрт матчта гол соғып келеді. Жас қорғаушы өткен турда өзі тәлім алған "Қайрат" клубының қақпасын дәл көздеген болатын.