"Ақшасына келісе алмай жатыр". "Астана" әлі Билекті қызметінен кетірмепті

Михал Билек. Сурет "Астана" сайтынан алынды.
"Астана" командасы әлі чехиялық бапкер Михал Билекпен келісімшартты бұзбапты,- деп хабарлайды KazFootball.kz порталы. 

26 тамыз күні елордалық команда Билекпен келісімшартты үзгенін хабарлаған еді. Бас бапкер Чемпиондар лигасынан шығып қалып, кейін "Тобылдан" ұтылған соң қызметінен қуылды. 

Бірақ дереккөздің ақпараты бойынша, "Астана" басшылары мен бапкердің агенті келісімшартты бұзудың мәселесін әлі шеше алмай жатыр. Мәселе ақшада болып тұр. Бұған дейін шыққан ақпарат бойынша, келісімшартты мерзімінен бұзғаны үшін команда бапкерге 100 мың еуро бергені айтылды. Алайда бұл ақшаны бапкердің агенті қанағат қылмай отыр. 

Соңғы турда команданы Пол Эшуорт алаңға бастап шыққанына қарамастан, құжат жүзінде "Астананың" бас бапкері әлі Билек болып тұр. 

Михал Билек қаңтар айында жылдың соңына дейін деп келісімшарт жазған еді. Бұл маманмен "Астана" Қазақстан суперкубогін жеңіп, Қазақстан чемпионатында бес кездесу өткізді. 






Метки:
Жаңалықтар