Нұр-Сұлтанда "Altyn Samǵaý-2021" Ұлттық спорттық жүлдесін салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Olympic.kz назарларыңызға жеңімпаздар есімін, жылдың үздік спортшыларын ұсынады.
Биыл жүлдені ұйымдастырушылар шешімімен қысқы және жазғы спорт түрлерінен екі жеңімпаз – бір ер адам және бәр әйел адам анықталды. Көпшіліктің дауыс беруі нәтижесінде #teamKZ-тің төрт атлеті үздік атанып отыр.
"Жазғы спорт түрлері бойынша үздік спортшы" аталымында боксшы Сәкен Бибосынов топ жарды.
Бибосынов Токиода өткен Олимпиада ойындарында қола жүлде жеңіп алған болатын. Араға көп уақыт салмай, Белградта өткен әлем чемпионатында алтын медаль иегері атанды.
"Жазғы спорт түрлері бойынша үздік спортшы қыз" атағы Софья Берульцеваға берілді.
Токиодағы Олимпиада ойындарында каратэші өз тобынан жеңіліссіз шығып, жазғы ойындардың қола жүлдегері атанды. Екі айдан соң Софья Премьер-лига турнирінде жеңіске жетіп, Дубайда өткен әлем чемпионатында 68 келіге дейінгі салмақта қола жүлдегер атанды.
"Қысқы спорт түрлері бойынша үздік спортшы" аталымында шорт-трекші Денис Никиша жеңіске жетті.
Ол осы маусымда әлем кубогі кезеңдерінің екі қоласын жеңіп алды. Атап айтар болсақ, Бейжіңде (Қытай) және Нагояда (Жапония) өткен кубоктік додаларда 500 метрге жарысудан жеңіс тұғырына көтерілді. Осы көрсеткішінің арқасында ол әлемдік рейтингте ТОП-10 қатарына еніп отыр.
"Қысқы спорт түрлері бойынша үздік спортшы қыз" атағына Юлия Галышева лайық деп танылды.
Әр маусым сайын Галышева жанкүйерді жоғары нәтижесімен қуантып жүр. Өткен маусымда Юлия фристайл-могулдан әлем чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алды. Сондай-ақ, әлем кубогі кезеңдерінде бірнеше рет жүлдегерлер қатарынан көрінді.