Төрткүл дүние тағатсыздана күткен Олимпиада ойындарының басталуына санаулы күндер қалып отыр. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында 97 лицензия бар, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
Отандастарымыз спорттың 27 түрінен жүлделі орындарға таласқа түседі. Олардың арасында теннистен жекелей сында Александр Бублик, Михаил Кукушкин, Ярослава Шведова, Елена Рыбакина, Юлия Путинцева және Зарина Диястар болса, жұптық сайыста Андрей Голубев пен Александр Бублик және әйелдер арасында Ярослава Шведова мен Елена Рыбакиналар өнер көрсетеді.
"Шынымды айтсам, күншығыс еліне баратын күнді тағатсыздана күтіп жүрмін. Себебі Жапонияны жанымдай жақсы көремін. Ол жақтың мәдениеті мен тағамдары ұнайды. Жанкүйерлері болса тіптен керемет. Ойын кезінде қажет кезде қолдау көрсетіп, маңызды шабуыл жасау барысында бөгет жасамайды. Жанкүйерлердің спорт ареналарына кіре алмайтыны өкінішті", - дейді Путинцева.
Еске салайық, XXXII Жазғы ойындар 23 шілде мен 8 тамыз аралығы өтеді. Әлемнің 206 елінен 12500 спортшы келеді деп жоспарланған. Коронавирус пандемиясына байланысты спорт жарыстары жанкүйерсіз өтеді.