Сонау Аустралиядан ат терлетіп келген Джейми Кермонд Олимпиада ойындарында конкур спортынан ел намысын қорғауы тиіс болған. Алайда 36 жастағы спортшының ағзасынан кокаин метаболиті табылған. Соның салдарынан Кермонд карьерасындағы алғашқы ойындарға қатыспауы мүмкін.
Бір қызығы, Джейми Кермонд Токиоға жарысқа шығатын сәйгүлігін бөлек жіберіп, өзі басқа рейспен ұшып келе жатқан. Күншығыс еліне жетпес бұрын әуеде Джеймиге допинг-сынамасынан оң нәтиже алғаны жайлы хабарлама жеткен. Аталмыш тестті ол 26 маусымда тапсырған. ВАДА ережесіне сәйкес кокаинді тек жарыс кезінде қолдануға болмайды. Соған қарамастан, Рorts Integrity Australia ұйымы спортшыны ірі додадан уақытша шеттетуге мәжбүр. Алайда конкур бәсекелері тамыздың 3 күні басталатынын ескерсек, оған дейін оның ағзасынан рұқсат етілмеген препарат жойылуы мүмкін. Ондай жағдайда Джейми жарысқа қатысады деп жоспарлануда.
Еске салайық, ВАДА 2021 жылдан бастап рұқсат етілмеген препараттарға байланысты жеңілдіктер жасағандықтан, Кермонд тек ауызша ескертумен шектелуі мүмкін.