Бүгін, 25 қыркүйек Маңғыстау облысында қызметтік міндеттерін атқару кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға
24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери-теңіз жаттығулары кезінде әскери қызметшілер Каспий теңізінде суға ағып кеткен. Олар оқу-жаттығу-жауынгерлік тапсырмаларды орындап жатқанда, ауа райы күрт бұзылып, жел күшейген.
Бастапқыда 19 әскери қызметші суға кеткені хабарланған болатын. Кейін Маңғыстау облысының әкімдігі 17 адам екенін нақтылады.
Қазіргі уақытта 12 адам қаза тапқаны белгілі, үш адам құтқарылған. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалған әскери қызметшілерді іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Оқиға орнына құтқарушылар жіберілді.
Қайғылы оқиғаны тергеу үшін үкіметтік комиссия құрылды. Оны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарады. Комиссия қайғылы оқиғаның себептерін анықтап, қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетуі тиіс.
Әскери қызметшілердің қаза болу дерегі бойынша соталды тергеп-тексеру басталды. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады. Тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты. Мемлекет басшысы 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Қайғылы оқиғадан кейін Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына және Қазақстан халқына көңіл айтты.
Аза тұту күні не болады?
Жалпыұлттық аза тұту күні бүкіл Қазақстан бойынша, соның ішінде мемлекеттік органдардың ғимараттары мен республиканың шетелдегі дипломатиялық өкілдіктерінде мемлекеттік ту төмен түсіріледі.
Сондай-ақ концерт, фестиваль, шоу және басқа да ойын-сауық іс-шаралары тоқтатылады немесе кейінге қалдырылады. Телевизия мен радиода ойын-сауық бағдарламалары ақпараттық және арнайы хабарлармен алмастырылады.
Бұл күні барша қазақстандық қайғылы оқиғаға байланысты аза тұтады.
Жарнама