Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасында болған даулы жағдайдан кейін Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов қызметінен босатылды. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімдігі мәлімдеді.
Оқиғаның мән-жайы"Қарағанды облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасында ведомство басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов өз еркімен атқарып отырған лауазымдарынан босатылды", - деп жазылған әкімдік хабарламасында.
23 қаңтарда БАҚ пен әлеуметтік желілерде "Серік Сәпиевті өз орынбасары соққыға жыққаны" туралы ақпарат тарады.
Кейінірек Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі мән-жайды айтты. Ведомство мәліметінше, 21 қаңтарда қаладағы спорт кешендерінің бірінде екі ер адам арасында жанжал туындаған.
"Қарағанды қаласының 42 жастағы тұрғынының арызы негізінде ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деді полиция бұған дейін.
Әлеуметтік желіде оқиғаның видеосы тарады. Сондай-ақ, боксшының өзі де мәлімдеме жасады.
Серік Сәпиев - 2012 жылғы Олимпиада чемпионы, екі дүркін әлем чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. Қазір ол Қарағанды облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметін атқарады.
Дәурен Есімханов - Серік Сәпиевтің орынбасары және танымал спортшы, самбодан Азия және әлем чемпионаттарының жүлдегері, World Games-тің күміс жүлдегері, джиу-джитсудан әлем чемпионы.