Қазақша жаңалықтар
6 мамыр 2021 12:37

Грепплингтен Азия чемпионын өлтіргендер сотталды. Марқұмның отбасы жаза неге жеңілдетілгенін түсінбей отыр

Сурет: instagram/atyrauoil.official

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында грэпплингтен Әлем чемпионы Есенбек Сиғуатовты өлтірді деген күдікке ілінген бұрынғы екі полиция қызметкеріне үкім шығарылды, - деп хабарлайды "Ақ Жайық". 

23 жастағы Б.М. ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 6 және 9-тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды. 26 жастағы Б.Д. 432-бап бойынша кінәлі деп танылып, үш жылға бас бостандығынан айырылды.

Одан бөлек, сотталушылар зардап шеккен тарапқа 10 миллион теңге көлемінде моралдық шығын өтеуі керек.

Ал марқұмның туыстары үкіммен келіспей отыр.

"Сот процесінде Б.Д. полиция қызметкері ретінде өтті, бірақ үкімде Атырау қаласының тұрғыны ретінде қарастырылған. Мұны қалай түсінуге болады? Ол 432-бап бойынша ең ұзақ мерзімді - алты жыл берілуі керек еді, бірақ ол тек үш жылға сотталды. Екінші сотталушы да - 20 жыл алуы керек еді, бірақ осы бап бойынша ең аз мерзім - 15 жылға сотталды. Оның айтуынша, ол аңшы мылтығын көшеде тауып алған, содан кейін ол бір жылға жуық оны үйде сақтаған. Неліктен "атыс қаруын заңсыз сақтау" деген тағы бір бап қарастырылмады? Ұлымызды өлтірген адамдар тым жеңіл жаза алды деп санаймыз, сондықтан үкімге шағымданатын боламыз", - деді марқұмның әкесі Тоқсанбай Оразғали.

Ал сотталушының әпкесі оның бауырына "жала жабылып отырғанын" және ол үкіммен келіспейтінін айтты.

Еске салайық, былтыр 11 тамызда Атырауда белгісіз біреулер 18 жастағы Азия чемпионын атып кеткені хабарланған болатын. Атырау қаласы маңындағы Дамбы және Құрманғазы ауылдарының тұрғындары арасында болған төбелес салдарынан атыраулық танымал спортшы, грепплингтен Азия чемпионы Есенбек Сиғуатов 9 тамызға қараған түні қайтыс болды.