Қазақша жаңалықтар
15 ақпан 2020 15:33

"GGG Қазақстанда жұдырықтасқысы келеді". Головкиннің промоутері соңғы жаңалықтарды айтты

Сурет: Reuters

Промоутер Эдди Хирн (Matchroom Boxing) IBF нұсқасы бойынша орта салмақтағы (72,6 келіге дейін) әлем чемпионы аты аңызға айналған қазақстандық Геннадий Головкин (40-1-1, 35 КО) міндетті үміткері поляк Камил Шереметамен (21-0, 5 КО) жекпе-жекті өз елінде өткізуді армандайтынын растады, - деп хабарлайды Vesti.kz.


"Ол Қазақстанда жұдырықтасқысы келеді, - деп жазған vRINGe.com Matchroom Boxing басшысының сөзін келтіріп. - Алдымен осы жекпе-жекті сәуірде өткізуді жоспарладық, бірақ қазір мерзімді жылжытуға тура келді. Нақты шешім әлі қабылданған жоқ. Бізде Шереметамен жекпе-жекті АҚШ-та ұйымдастыру нұсқасы бар. Бұл бокс. Мұнда барлығы болуы мүмкін".


Қазақстандық боксшының Мексика супержұлдызы Сауль "Канело" Альвареспен (53-1-2, 36 КО) үшінші кездесу өткізгісі келетіні Хирннің есінде: "Канело" оппонент іздеп жатыр. Олар "мамырда жекпе-жек өткізейік" деcе, онда біз келісе алар едік. Бірақ олай болған жоқ. Үшінші жекпе-жекті олар алдын ала қыркүйек айына жоспарлады деп ойлаймын. Сондықтан, Геннадий алдымен Қазақстанда міндетті үміткерімен жекпе-жек өткізіп, "Канеломен" қыркүйекте кездеседі деген болжам жасадым".


Айта кетейік, Альварес пен Головкин Лас-Вегаста екі рет жұдырықтасқан. 2017 жылдың қыркүйегінде болған алғашқы жекпе-жек тең аяқталды. Ал бір жылдан кейін мексикалық спортшы ұпай бойынша жеңіп кетті.