Сенегалдың Дакар қаласында өтіп жатқан IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасы аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитеті мен Намибия Ұлттық Олимпиадалық комитеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжатқа Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин мен Намибия ҰОК басшысы Ндеулипула Хамутумва қол қойды.
Бұл келісімді жасау туралы бастаманы Намибия тарапы көтерген. Олар Қазақстан ҰОК-нің спортты басқару, халықаралық жобаларды жүзеге асыру және Олимпиадалық қозғалыс ұйымдарымен байланыс орнату бағытындағы тәжірибесіне қызығушылық танытқан.
Намибия ҰОК өкілдері Қазақстан ҰОК-нің жұмысын жоғары бағалап, серіктестікке дайын екенін жеткізді. Алғашқы кезекте Намибия делегациясының Қазақстанға іссапармен келуі жоспарланып отыр. Сапар барысында олар Ұлттық Олимпиадалық комитеттің құрылымымен, басқару жүйесімен, жүзеге асып жатқан бағдарламаларымен және халықаралық ынтымақтастық бағытындағы жұмысымен танысады.
Ортақ жұмыстың маңызды бағыттарының бірі - басым спорт түрлері бойынша ұлттық құрамалар арасында бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізу. Сонымен қатар тараптар спорт федерациялары арасындағы кәсіби байланысты нығайтып, жаттықтырушылар мен мамандар даярлау тәжірибесімен бөлісуді, спорт медицинасы және допингке қарсы күрес салаларындағы ынтымақтастықты дамытуды жоспарлап отыр.
Меморандум аясында мамандар арасында кәсіби білім, әдістемелік материалдар мен тәжірибе алмасу да қарастырылған. Бұл екі елдің Ұлттық Олимпиадалық комитеттеріне спортты басқарудағы тиімді тәсілдер мен бағдарламаларды зерделеп, қажет болған жағдайда оларды өз елдерінің спорт жүйесіне бейімдеуге мүмкіндік береді.
Жасалған келісімдерді жүзеге асыру үшін жыл сайын нақты іс-шаралар мен жұмыс бағыттарын айқындайтын жеке ынтымақтастық бағдарламаларын әзірлеу мүмкіндігі қарастырылған.
Осылайша, қол қойылған меморандум екі ел арасында тәжірибе алмасуға, ортақ жобаларды жүзеге асыруға және спортты дамыту жолындағы халықаралық Олимпиадалық ынтымақтастықты нығайтуға жол ашады.
Жарнама