Ауыл балаларына айрықша мүмкіндік сыйлаған жобаның жаңа маусымы басталады

  Пікірлер

blog.share

Ауыл балаларына айрықша мүмкіндік сыйлаған жобаның жаңа маусымы басталады ©

Бүгін Алматыдағы Қазақ спорт және туризм академиясында ауыл балаларына арналған AUYL SPORT әлеуметтік жобасының үшінші маусымы таныстырылды.

blog.share

Бүгін Алматыдағы Қазақ спорт және туризм академиясында ауыл балаларына арналған AUYL SPORT әлеуметтік жобасының үшінші маусымы таныстырылды.

Мерейлі іс-шараға танымал спортшылар мен жаттықтырушылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен жобада жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып, халықаралық аренада ел абыройын асырған жас спортшылар және жаттықтырушылары қатысты. Жоба 2024 жылдан бері Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры ұйымдастыруымен жүзеге асып келеді.

Биылғы жоба еліміздің 17 облысын қамтиды деп жоспарланып отыр. Өңірлік және республикалық жарыс бағдарламаларын қоса алғанда 15 мыңнан аса жас спортшы бақ сынайды деп күтілуде. Halyk қайырымдылық қорының Атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықовтың айтуынша, 2024 жылдан бергі аралықта қатысушылар саны едәуір артып келеді. 

«Жыл сайын біздің жобаға қатысуға ауыл балаларының құлшынысы жоғары. Биыл сегізінші спорт түріне футболды қостық. Сондықтан өңірлік және республикалық турнирлерді қоса есептегенде, 15 мыңнан астам баланы қамтуды күтіп отырмыз», – деді жоба директоры.

Жоба ауыл балалары арасында бұқаралық спортты дамыту, жасөспірімдерді спортқа тарту, сондай-ақ ауыл жаттықтырушылары мен төрешілерінің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында басталған. Жасөспірімдердің тұлға болып қалыптасуына серпін береді.

Алғашқы жылы AUYL SPORT аясында алты спорт түрі бойынша жарыстар ұйымдастырылса, кейін оған үстел теннисі қосылды. Биыл жобаға сегізінші спорт түрі болып футбол енгізілді. Биыл балалар каратэ, баскетбол, волейбол, бокс, еркін күрес, шахмат, үстел теннисі және футболдан бақ сынайды.

Жарыстарға 10-15 жас аралығындағы балалар қатысады. Алдымен спортшылар өз облыстарындағы жарыстарда бақ сынайды. Облыстық кезеңнің жеңімпаздары республикалық турнирге жолдама алады. Одан кейін үздік спортшылар халықаралық жарыстарда Қазақстан атынан өнер көрсету мүмкіндігіне ие болады.

AUYL SPORT-тың алғашқы екі маусымында жеңімпаз атанған спортшылардың арасында халықаралық жарыстарда жүлде алғандар да бар. Мәселен, 2025 жылы Сербияда өткен Дүниежүзілік Гимназиадада жоба спортшылары бокстан үш алтын, еркін күрестен бір қола медаль иеленіп, шахматтан екі Fair Play жүлдесін алған.

Жоба өкілдерінің айтуынша, AUYL SPORT чемпиондары Азия чемпионаттары мен халықаралық турнирлерде де жүлделі орындарға ие болып жүр.

«Біздің балалар алдымен ауылдағы жарыста жеңімпаз атанып, кейін республикалық кезеңге өтеді. Ал республикалық турнирдің чемпиондары халықаралық жарыстарға қатысу мүмкіндігіне ие болады. Бұл – ауыл балалары үшін үлкен мүмкіндік», – деді жоба директоры.

Жоба аясында халықаралық жарыстарға баратын балалардың жол жүруі, тұруы, тамақтануы, спорттық киімі мен қажетті жабдықтары қор есебінен қамтамасыз етіледі.

2026 жылы AUYL SPORT аясында жоғары нәтиже көрсеткен ауылдарға да қолдау көрсету жоспарланып отыр. Атап айтқанда, жас спортшылары үздік нәтиже көрсеткен ауылдарда 10 жаңа спорт алаңын салу көзделген. Ол алдағы 3 жыл ішінде жүзеге асады. Сонымен қатар республикалық және халықаралық жарыстарда ерекшеленген спортшыларға білім гранттарын беру және спорттық санаттар тағайындау мәселесі қарастырылып жатыр.

Жоба тек жарыстар өткізумен шектелмейді. Бұған дейін ауыл жаттықтырушылары мен төрешілеріне алғашқы медициналық көмек, спорт түрлерінің жаңартылған ережелері бойынша семинарлар ұйымдастырылып, мамандардың біліктілігін арттыруға жағдай жасалған.

AUYL SPORT-тың үшінші маусымындағы өңірлік жарыстар 10 қыркүйекте Жамбыл облысынан басталып, 10 қазанға дейін Қазақстанның 17 облысында өтеді.

Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, қазірдің өзінде ауылдардан жарыстардың басталуын күткен өтініштер көп түсіп жатыр екен. Әлеуметтік желілерде ата-аналар мен жаттықтырушылар турнирлердің қашан басталатынын сұрап, балаларын жарысқа дайындап жатқанын айтып келеді.

Айта кетейік, 2026 жылы Halyk қайырымдылық қорының құрылғанына 10 жыл толып отыр. Осыған орай AUYL SPORT аясында ауыл спортына арналған жаңа бастамаларды жүзеге асыру жоспарланған. Ал жарыстың финалдық кезеңі Астанада ұйымдастырылады.

Іс-шара соңында жобаға қатысқан балалар мен қонақтарға сыйлықтар табысталды.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Жарнама

Живи спортом!