Қазақша жаңалықтар
22 қараша 2021 12:57

Аударыспақта күшің мен әдісің ұштасуы керек - Біржан Қосалиев

©ethnosport.kz

Халқымыздың ерекше өнері аударыспақ спортынан әлем чемпионы Біржан Қосалиев бүгінгі ұлттық спорттың дамуы, аударыспақ спортының қыр-сыры жайлы сұхбат берді.

– Туған жеріңіз, балалық шағыңыз, біліміңіз жайлы айтсаңыз?

– 1985 жылы сол кездегі Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысы Төле би ауданы, Майбұлақ ауылында дүниеге келгенмін. 11 сыныпты сол Майбұлақта бітірдім. Одан кейін колледжде білім алдым, ал ЖОО-ны сырттай оқыдым.

 – Аударспақ спортына қалай келдіңіз?

– Майбұлақта аударыспақ, жаппай көкпардан басқа спортқа мүмкіндік болған жоқ, өзімде басқа спорт түріне деген қызығушылық та бола қойған жоқ. 2011 жылға дейін жаппай көкпарда жүрдім. Әрине, ол тұрақты айналысатын дүние емес. Қызығушылық қой. Ауылда шілдехана болса да, баласының шашын алса да бәйге өткізіп, көкпар бере береді. Соған төселіп қалғаннан кейін, онсыз отыра алмайтын секілді болып тұрады. Әрі үйден жақсы ат үзілмеді. Ат дайын, қол бос, көкпар шаппағанда не істейсің? Сонымен жаппай көкпарды жағалап жүрдім. 2011 жылы аударыспаққа келдім.

– Басында көкпардан бастадым дейсіз, аударыспаққа келу қиын болған жоқ па?

– Аударыспақ та, көкпар да ат үстінде өтеді. Содан болса керек, ұқсастықтары көп. Әрине, бұл айырмашылығы жоқ деген сөз емес. Аударыспаққа сол 2011 жылы келгенде, өзімнің де қызығушылығым болды. Оның үстінде жаттықтырушы ағаларымыз да көп дүниені үйретті.

 – Ол кездегі бапкеріңіз кім еді?

– Ақылбай Манкеев ағамыз болатын. Талапшыл, әр нәрсені нақты меңгертуге тырысатын. Жаттығуды ел чемпионатына бір айдан астам уақыт қалған кезде бастадық. Ерекше қызықтым аударыспаққа. Соның нәтижесінде барлық әдіс-тәсілін жетік меңгеруге тырыстым. Сол жатпай-тұрмай дайындалудың нәтижесінде қазіргідей жетістікке жетіп отырмын. Әрине, не нәрсені болсын жаңадан бастау, толық игеруде өзіндік қиындықтары болады. Мен де басында біраз қиналдым, бірақ бапкерімнің дем беруімен ол қиындықтарды жеңе білдік.

– Ақылбай Манкеев ағамызды айтып жатырсыз ғой. Жалпы аударыспақтағы жаттықтырушылар туралы не айтасыз? Еліміздегі мықты бапкерлер кімдер?

– Жаттықтырушылардың өзі екі түрлі ғой. Спортшыны жарысқа дайындайтын және сол жарыс барысында ойынға төрешілік жасайтын. Осының ішінде жарысқа дайындайтын жаттықтырушылар жайлы айтқанда, ең әуелі ойға келетіні – Жанбатыр Бекмусаев. Еліміздегі ең мықты жаттықтырушы сол кісі дер едім.

Бәрін өз орнымен, бабымен жасатады. Қинайтын жерінде қинап, жеңіл жасалатын әдістерді жеңіл үйретеді. Спортшылардың психологиялық жағдайына да аса мән беріп, үнемі сөйлесіп, қолдау көрсетіп отырады. Спортшыларды жалықтырмай, ерекше дайындайды.

Әрине, тренердің бәрі де спортшы дайындайды. «Дайындықта қиналған спортшы сайыста қиналмайды» деген қағидамен жұмыс істейтін тренер көп. Бірақ Жанбатыр ағамыздың дайындау әдісі мүлде бөлек. Ол әр спортшымен жеке жұмыс істеп, қай спортшы қандай әдіске, қандай қарсыласқа төтеп беруге бейім, соған қарай дайындайды. Бір сөзбен айтқанда, қай спортшыға не керек, соны істетеді. Өз басым Жанбатыр ағаны нағыз бапкер деп айтар едім.

– Қазір көкпарға қатысасыз ба?

– Иә, қазір қатысамын жаппай көкпарға ғана. Командалық көкпарға қатыспаймын ғой. Онда да өзім үшін ғана. Бірақ оның өзінде салынып, қуып, қайда көкпар бар деп іздеп шапқан емеспін. Өзіміздің ауылда, ара-тұра қызығушылықпен қатысамын.

– Аударыспақтан ең алғаш алған жүлдеңіз есіңізде ме?

– Әрине, есімде. Алматыда өткен ел чемпионаты болатын. 2011 жылы алғаш қатысқан ойыным әрі алғашқы алған жүлдем сол еді.

– Біржан, сіз Қазақстанда да, халықаралық деңгейде де, Азияда да, Әлемде де жүлде алдыңыз. Сіз үшін қайсысының орны ерекше? Қайсысы өзіңізге ұнайды?

– Әр жарыстың өз орны бар ғой. Бірақ 2014 жылғы астанада өткен тұңғыш Азия чемпионатының орны бөлек мен үшін. Сол жарыста мен Азия чемпионы атандым. Өзім үшін өмірімдегі алғашқы ең үлкен жарыс болғандықтан болар, ерекше қуандым. Сол жарыстың ұйымдастыруы да, басқасы да өте керемет болған. Маған ұнаған сайыс сол болды.

– Еліміздің талай өңірінде топ жардыңыз. Одан бөлек Қытайда, Қырғызтанда ел мерейін асырдыңыз. Қазақстанда жүлде алған сәт пен шетелде жүлде алған сәттің айырмашылығы бар ма?

– Айырмашылығы аса білінбейді. Әрине, өзге елде өз еліңнің Туын желбіретудің әсері ерекше. Ал жүлдеге келер болсақ, бәрібір. Қытайда да, Қырғызстанда да, өзімізде де сол шамадағы жүлделер. Аса асып бара жатқан ешқайсысы жоқ. Бір-бірімен қарайлас.

– Өзіңізге ерекше қарсылас болған аударыспақ палуаны бар ма?

– 2017 жылы ЭКСПО-2017 аясында өткен Әлем чемпионатында қарсылас болған тәжік палуаны мықты еді. Біздің салмақ бойынша чемпионаттағы алғашқы белдесуім. Бойшаң, атқа отырысы да мығым, дәу кісі екен. Алғашқы айналымның өзінде мынадай қарсыласқа тап келу оңай емес. Байқаймын, менен кемінде 15-20 келідей ауырлығы да бар секілді. Бірден білегіме жармасты. Сығымы қатты екен, білегімді ажырата алмай қалдым. Тіпті ойланып қалдым, «мынау қалай болып кетер екен?» деп. Шеңгелдегенде білегімді жұлып алады екен деп ойладым. Бірақ, дереу шешім шығарып, әдіс жасап, ұтып кеттім.

Дегенмен сол жігіттей қармаулы, күшті адамды кездестірмеппін. Тәнті болдым. Білегімнен қысқанда, етімді езіп жібере жаздады.

– Әңгімеңізге қарасам, аударыспақта күштен гөрі әдіс-айла көп нәрсені шешетін секілді. Қандай әдістері бар?

– Иә, дұрыс айтасыз, аударыспақ күшке қарамайды. Өздерін сынап көру үшін небір күшті жігіттер келеді. 250 келі салмақты еркін көтеретін мықты азаматтар белдесіп көреді. Бірақ ол күшті ат үстінде пайдалана алмайды. Себебі аударыспақ спортында 70-80 пайыз әдіс шешіп кетеді. Мысалы, алаңға шыққан сәтте қарсыласыңның ат үстінде отырған отырысынан-ақ бәрін ажыратып үлгеруің керек. Ол аттың арғы жағына ауыңқырап отыр ма, әлде бері жамбастап жатып алған ба, тік отыр ма дегеннің бәрін бірнеше секундтың ішінде көңіл таразысынан өткізуің керек.

Әрине, бұл аударыспаққа күш жұмсалмайды деген сөз емес. Күш те керек. Күшсіз болмайды. Әдіс жасап, қарсыласыңды үзеңгіліктен алғаныңмен, оны көтеріп, аттан аударып тастайтын күшің болмаса, еңбегің зая. Сондықтан күш пен амалыңды ұштастыра білуің керек. Қай жерде күш, қай жерде әдіс қолдау керегін білгенің абзал. Тағы бір ескеретін жағдай шеңберге шыққан спортшы қандай жағдай болмасын өзін еркін ұстауы керек. Алаңда қарсыласқа төтеп берем деп, қарысып жатып алу – өзіңді шаршату деген сөз.

– Аударыспақта аттың жылдамдығы ойынға әсер ете ме?

– Аударыспаққа тым жылдам қозғалатын ат келмейді. Керісінше салмақты, адамды тақымынан танитын ат керек. Мысалы астыңдағы ат тоқтатсаң тоқтап, жүргізсең жүріп, шегіндіруге ниеттенсең шегініп, тіпті жанына қарай қозғауға бейімделсең, жанына қарай жылжитын ат болуы керек. Бір сөзбен айтқанда сенің не ойлағаныңда ол бірден түсінуі керек қой. «Қазір мынаны артқа қарай тартып кетейін» деп ойлағаныңда, астыңдағы ат та артқа қарай жылжи бастауы керек. Жақсы аттар соны түсінеді. Тура өзің ойлағаныңдай жасайтын аттар болады.

Аударыспаққа тым ауыр қозғалатын, шуаяқ аттар да немесе жылдым-жылдым, тез қозғалатын ұшқалақ аттар да жарамайды. Сондықтан да аттың жылдамдығы аударыспақта ештеңе шешпеуі мүмкін.

Жылдам аттың үстінде қозғалыс көп болады. Ат үстінде қимыл-қозғалыс көп болса, спортшыға жайсыз болады. Ал алаңға шыққан соң сен астыңдағы ат үшін бас ауыртпауың керек қой. Сол себепті аударыспаққа орташа аттар керек. Жалпы аударыспақ үшін жаралған аттар болады, соны тани білу керек.

– Ол үшін атты арнайы дайындайсыздар ма?

– Иә, аударыспақ үшін арнайы ат дайындаймыз. Күнде жаттықтырамыз, күнде мінеміз, күнде неше түрлі әрекет жасаймыз. Көп ат ондайға шыдай бермейді. Әбден жалығып, қажыған кезде ат қарсыластың атын тістейтін болып кетеді. Ал сонша жаттығуға шыдап, мінезі өзгермей, сабырлылық танытқан атты таңдап аламыз. Бұл – аударыспақтың аты. Сол қалады.

Кез келген ат аударыспаққа шыдамайды. Жаппай көкпарда небір топты жарып, небір ауыр серкелерді ұршықша үйіріп жүрген белді аттар аударыспаққа келгенде шыдамсыздық танытады. Оншақты атты қатар жаттықтырғанда соның ішінен бір-екі ғана ат аударыспаққа шыдас береді. Сол шыдамды, төзімді атпен жұмыс істейсің, үйретесің, қарсыластың атын теппейтін, тістемейтін етіп тәрбиелейсің. Жақсы ат мініп, жақсы нәтижеге жеткің келсе, өзің де, атың да жақсы жаттығуы керек.

– Аударыспақта жарақат алған кезіңіз болды ма?

– Аса қатты жарақат алған кезім жоқ. Әрине, спорт, оның үстіне ат спорты болғандықтан онша-мұнша жарақат аласың. Саусағың қайырылып қалу, білек сіңіріңнің созылуы деген секілді. Бірақ әзірге Алла көп көрмесін, аса ауыр жарақат алмаппын.

– Қазіргі аударыспақта жүрген жастардың арасында кімдер мықты ойын көрсетіп жүр деп ойлайсыз?

– Қазіргі жігіттердің арасында Сырым Ізбасаров мықты болып тұр. Мықты өнер, ерекше ойын көрсететіні сол. Әрине, басқа жігіттер де осал емес. Ақтөбедегі Арман Сағымбаев, біздің Түркістаннан шыққан Рахметіллә Есімхан, т.б. өз салмақтарында айтарлықтай мықты болып жүрген жігіттер бар.


– Соңғы жылдары Түркістан облысы аударыспақта ерекше көзге түсіп, жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Мұның сыры неде деп ойлайсыз?

– Сыры неде дегенде, Сырым бар, мен бар жақсы нәтиже көрсетіп, алдыңғы қатарда жүрміз. Бұл кейінгі жастарға әсер етпей қоймайды. Бізге еліктеп өсіп келе жатыр жастардың көбі. Бәріміз бірге дайындаламыз, жаттығуды көп жасаймыз. Бәрі де еңбектің, дайындықтың арқасында келеді. Сөздің шынын айтқанда, өзге облыстың аударыспақшылары дәл біздей дайындық жасайды деп айта алмаймын. Біз әр жарысқа бір, бір жарым ай дайындаламыз. Кейде тіпті күніне екі мезгіл дайындалатын кезіміз болады. Ең бастысы еңбек қой. Кім дайындалады – ұтады, кім дайындалмайды – ұтылады. Бұл айдан анық нәрсе. Біздің облыстың жақсы нәтиже көрсетуінің басты себебі де сол – тынымсыз жаттығулар.

– Бұл спортпен қашанға дейін айналысасыз? Аударыспақты тоқтатқан соң не істейсіз?

– Бұл спортта қанша жыл жүрерімді бір Алла біледі. Денсаулық болса, уақыт-сағаты келгенше жүрерміз. Жастар да шығады.

Өткен жылы бір жылдай жастар өнер көрсетсін деп аударыспаққа қатысқан жоқпын. Бірақ басшылар, бапкерлер, бірге өнер көрсетіп жүрген жігіттер әлі де қатыса бер деп қолқалап, алаңға қайта шығарды.

Аударыспақтан кетсем де, спортшы дайындап, бапкер болам ғой. Қазірдің өзінде жастарды осы спортқа дайындауды қолға алып жүрмін. Сол ісімді жалғастыра беремін. Өзімнен де мықты шәкірттер тәрбиелегім келеді.

– Қазіргі кездегі жалпы Ұлттық спорттың дамуына, мәселелеріне қатысты не айтасыз? Осы аударыспақты әлі де дамыта түсу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Өте орынды сұрақ. Ұлттық спортты бұдан да жақсы дамыту үшін жарыстарды көбейту керек деп ойлаймын. Ай сайын жарыс өтуі керек. Тіпті түк өтпеді дегенде ел көлемінде екі айда бір жарыс ұйымдастырылып тұрса, спортшылар үнемі дайындықта жүрер еді. Ал үш-төрт айда бір жарыс өтсе, спортшылардың басқа тірлігі бар, жарыс, дайындық жайына қалады. Ай сайын жарыс болса, «келесі айда жарыс» деп, өздері үшін жұмыс істейтін болады.

Одан кейінгі бір мәселе – төрешілерді дұрыстау керек деп ойлаймын. Себебі қазіргі төрешілер, ашығын айтқанда, алаңға төрешілікке шыққаннан кейін, өзі күресетін адам секілді қорқып тұрады. Шығарған шешіміне біреу, «олай болған жоқ» десе, соған еріп, «иә олай болмады» деп дереу айнып шыға келеді. Әрине, барлығына топырақ шашудан аулақпын, бірақ төрешілердің сапасы төмендеу. Оларды толықтай қайтадан оқытып, дайындау керек деп ойлаймын.

Тағы бір ескеретін мәселе, спортта төрешіге қатысты талас тудыратын жағдай болмауы керек. Өзге спорт түрлеріне қарасаңыз ешкім төрешіге қарсы келмейді. Қалай айтады, солай болады. Себебі олар өз ісін жетік біледі. Үнемі жарысқа шығып, ысылған мамандар. Аударыспақта төрешілердің өз арасында тартысты мәселе көптеу екенін байқаймыз.

– Соңғы кезде федерация кубогы ұйымдастырылып, жүлде қоры да молайып жатыр. Жалпы жүлде қорын молайту жайлы не айтасыз?

– Қандай жарыс болмасын жүлде қоры көбейген сайын, сол спорттың дамуына айрықша ықпал етеді. Жүлденің көлемі үлкейген сайын спорттың жағдайы да жақсара береді. Сол тұрғыдан алғанда жүлде қорының көбейгенінен қорқудың керегі жоқ. Керісінше жүлдені барынша молайтып, сол спорттың жағдайын дұрыстау керек. Бұл тек аударыспаққа ғана емес, кез келген спорт түріне қатысты жағдай ғой. Бұл тұрғыда, Қауымдастықтың құрметті президенті Қайрат Сатыбалдыұлы, қауымдастық президенті Бекболат Тілеухан ағалардың ұлттық спортты өркендетіп, жоғары деңгейге шығаруына үлкен үлесі бар

– Біржан, өзіңіз де «Алтын тұғыр» сыйлығының иегерісіз. Жыл бойғы жеңімпаз спортшыларды марапаттау, оларға қолдау көрсету секілді Ұлттық спорт қауымдастығының шараларына не айтасыз?
– Иә, «Алтын тұғыр» – ұлттық спортта жүрген спортшыларды ынталандыруға арналған бір ғана сыйлық деуге болады. Біздің елде ұлттық спортқа көңіл бөлініп, дәл осындай марапаттаулар бірнешеу болатын болса, ұлттық спортқа келетін, соны таңдайтын жастардың қатары да көбейе түсер еді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Дерек:
Біржан Қосалиев – елішілік чемпионатта 8 дүркін жеңімпаз, бірнеше  мәрте жүлдегер атанды. І Ашық Азия чемпионатының аса ауыр және абсолютті салмақтағы чемпионы (2014). Қырғызстанда өткен ІІ дүниежүзілік көшпелілер ойындарында бас жүлдені иеленді (2016).  Қытай елінде өткен ІІ Ашық Азия чемпионатының жеңімпазы (2016). Халықаралық турнирдің аса ауыр және абсолютті салмақтағы жеңімпазы (2017). «Ақбидай» ауыл спорты фестивалінің бірнеше дүркін жеңімпазы. 2011 жылдан Қазақстанның аударыспақ құрама командасында аса ауыр салмақтағы нөмірі бірінші спортшы. Біржанның үлкенді-кішілі фестиваль, турнирлерден иеленген басқа атақтары жетерлік.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport