Қазақша жаңалықтар
14 қазан 2019 13:40

Әлем біріншілігінде гимнастшы қыз ерлер рекордын бұзды

© XSPORT.ua
Америкалық гимнастшы Симона Байлз әлем біріншіліктерінде жеңіп алған медальдар саны бойынша рекорд орнатты, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі АҚШ-тың Олимпиада комитетінің Twitter желісіндегі парақшасына сілтеме жасап.


13 қазанда Штутгарт қаласында өтіп жатқан әлем біріншілігінде Байлз АҚШ құрамасының сапында бөренеде жаттығу бойынша алтын медаль жеңіп алды. Бұл америкалық спортшы үшін әлем біріншіліктерінде алып отырған 24-ші медаль екен. Осылайша ол 23 медаль иегері беларусь гимнасты Виталий Щербоның рекордын бұзды.

8 қазанда Байлз командалық жарыста жеңімпаз атанып, әлем біріншіліктерінде алған 20 медалі бар ресейлік Светлана Хоркинаның рекордын бұзды.

Байлз қоржынында 12 әлем біріншілігінің алтын медалі бар. Ол 2016 жылы Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олипиада ойындарында төрт алтын алған еді.