Tengrinews.kz негізін қалаған және Alash Media Group холдингінің басшысы Батыр Қазыбаев ұзақ сырқаттан кейін 53 жасында көз жұмды.
Батыр Қазыбаев - қазақстандық белгілі журналист әрі жазушы, көп жыл бойы облыстық және республикалық газеттердің редакцияларында басшылық лауазымдарда қызмет атқарған, Қазақстан Компартиясы ОК хатшысы болған Кәкімжан Қазыбаевтың ұлы. Батыр Қазыбаев әкесінің жолын қуып, журналистиканы таңдап, табысты медиаменеджер болды.
Батыр Қазыбаев 10 жылдан астам уақыт құрамына Tengrinews.kz, Vesti.kz, Massaget.kz ақпараттық порталдары кіретін медиахолдингті, Жұлдыз FM радиостанциясы, Ретро FM Қазақстан, СТВ телеарнасын басқарды, "Жетінші арнаның" негізін қалады.
Батыр Қазыбаевты медиасалаға жол салған тұлға деп атауға болады. Ол әрқашан жаңа идеяларға ашық еді, бірінші болудан және тәуекелге барудан қорықпады. Осылайша, 2010 жылы Tengrinews жаңалықтар порталы пайда болды.
"Телеарна мен баспасөзге бәсекелес веб-сайт құру туралы шешім тәуекел еді, бірақ, интернет-ресурстар өсетіні түсінікті болды. Қазір бұған бәрінің көзі жетті, алайда, 2010 жылдары оған көп адам күмәнмен қарады. Екінші себеп - Қазақстанның ақпарат кеңістігі шетелдік ресурстарға толы болды. Бұл намысқа тиетін. Мен өзіміздікі болғанын, жаңалықтар Қазақстан тарапынан берілгенін қаладым", - деген еді ол жоба туралы.
Сондай-ақ, Батыр Қазыбаев Қазақстандағы алғашқы Tengri FM рок-радиостанциясын, ал кейінірек елдегі алғашқы қазақ тіліндегі Жұлдыз FM толқынын құрды. Ол негізін қалаған The Spirit of Tengri этникалық музыка фестивалі үлкен мәдени жобаға айналды.
Батыр Қазыбаевтың бастамасымен 2014 жылы "Жеңімпаздар" жобасы іске қосылды, ол - қазақстандық ҰОС ардагерлері туралы база. Жоба Tengrinews.kz оқырмандарының арқасында толықтырылып отырады.
Ол қазақтілді аудиторияға бағытталған жобаларға да ерекше назар аударды. Massaget.kz жастар сайты іске қосылды. Tengrinews.kz сайтының қазақ тіліндегі нұсқасы, "Жұлдыз ФМ" радиостанциясы, бүгінде қоғамдық-саяси сайтқа айналған "Алаш айнасы" газеті ашылды. "Қазір қазақ тілінде жаңа контент пайда болып жатқан қызық уақыт, оған қатысу - мен үшін мақтаныш", - деген Батыр Қазыбаев.
Нағыз алматылық болғандықтан Батыр Қазыбаев та туған қаласын жақсы көрді. Ол қаладағы Виктор Цой ескерткішін орнатуға бастамашы болғандардың бірі. "Біз сүйікті қаламызға сыйлық жасауды ұйғардық, өйткені қаланың жаны болуы керек, қаланың қандай екенін көрсететін маңызды белгілер керек", - деді Батыр Қазыбаев ескерткіштің ашылуында.
Alash Media Group ұжымы үшін Батыр Қазыбаев сүйікті басшы болды.
"Ол жан дүниесі үлкен, жүрегі ашық адам еді. Қарапайым, ақылды, әділетті. Қызметкерлерді әрдайым қолдап, тәжірибесін, даналығымен бөлісетін. Ол бәріне көмектесуге тырысты, біздің жүрегіміз, идеялардың генераторы болды. Біздің оған деген құрметіміз бен таңданысымыз шексіз. Біз оның мұрасын сақтауға және құндылықтары мен мұраттарын жоғары бағалай отырып, ісін жалғастыруға тырысамыз", - дейді Tengrinews қызметкерлері.
Vesti.kz ұжымы Батыр Қазыбаевтың туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады.