Мәдениет және спорт министрлігі қазақстандық кәсіпқой боксшы Аида Сатыбалдинованың спортқа бөлінген ақшаны ұрлау туралы мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Министрлік шетелдерде өнер көрсететін отандық спортшыларды, оның ішінде кәсіпқой боксшыларды әрдайым қолдаған және қолдай береді. Оның жарқын үлгілері - Геннадий Головкин, Данияр Елеусінов, Қанат Ислам, Жәнібек Әлімханұлы және басқалар. Айта кету керек, қазақстандық бокста бірде-бір шетелдік легионер жоқ.
Бүгінде министрлік Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірге жемқорлыққа қарсы белсенді жұмыс істеп жатыр. Елбасының тапсырмасымен бүкіл елде "Адалдық алауы" брендімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобалық кеңселер құрылды", - делінген министрлік хабарламасында.
Ведомство өкілдері 2017 жылы спортты ашық қаржыландыруды қамтамасыз ету мақсатында заңнамалық деңгейде спорт түрлерін саралау тұжырымдамасы енгізілгенін және Қазақстан Республикасында спорт түрлерін саралау ережелері қабылданғанын атап өтті. Сонымен қатар, республикалық және жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын спорттық іс-шараларға, оның ішінде дене шынықтыру және спорт ұйымдарының оқу-жаттығу жиындарына бөлінген ақшаны жұмсау ережелері бекітілген.
"Жоғарыда аталған ережелердің бесінші тармағына сәйкес, спорттық іс-шараларға қатысуға және спорттық іс-шараны өткізуге байланысты барлық шығын спорттық іс-шараларға қатысушылардың карта-есепшоттарына банктік аударымдар жолымен жүзеге асырылады, осылайша сыбайлас жемқорлық қаупі болмай, есеп айырысудың ашық жүйесі қамтамасыз етіледі", - деді Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіндегілер.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық кәсіпқой боксшы Аида Сатыбалдинова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жолдап, отандық спорттағы бірқатар мәселені көтеріп, мемлекеттен спортқа бөлінген қаражаттың ұрланып жатқанына назар аударуға шақырған болатын.