Қазақстандық каратешілер Қайсар Алпысбай мен Мөлдір Жаңбырбай Венгрия астанасы Будапешттегі әлем чемпионатының финалына өтті, деп хабарлайды Vesti.kz туризм және спорт министрлігі спортты дамыту басқармасына сілтеме жасап.
Кумитэ бағдарламасында 60 келіде өнер көрсететін Қайсар әлем чемпионы Анджело Крещенцоны (Италия) 5-1 есебімен жеді. Бұл жартылай финалдағы жекпе-жек еді, енді қазақ спортшы грекиялық Христос-Стефанос Ксеноспен алтын үшін айқасады.
Қазақстандық каратеші қазіргі таңда WKF рейтингінде жетінші орында екенін айта кетейік. Ол Премьер-лиганы үш мәрте жеңіп алған. Сонымен қоса, Қайсар 2023 жылғы Азия чемпионы және Ханчжоуда өткен Азия ойындарының жеңімпазы.
Ал 50 келіде өнер көрсететін Мөлдір әлемдік рейтингте көш басында болған венесуэлалық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп (11-3), финалға өтіп отыр. Айта кетейік, қазақстандық бұрымды 2023 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері.
"Бұл еліміз үшін тарихи сәт! Алғаш рет екі бірдей спортшымыз әлем чемпионатының финалына өтті. Біздің ең басты жетістігіміз 2008 жылғы Дархан Асәділовтің күміс жүлдесі еді. Екі финалдан өзге қола үшін айқастар бар. WKF бойынша ересектер арасында бізде әлі чемпион болған жоқ, жастар мен жасөспірімдерден ғана бар. Енді елімізге екі бірдей алтынмен оралуға қолдан келгеннің бәрін жасаймыз", - дейді бас бапкер Асқар Молдағали.