Карате
23 қараша 2021 17:03

"Қуанышымда шек жоқ". Қазақстандық каратеші әлем біріншілігіндегі жүлдесі жайлы

©Тұрар Қазанғапов

Токио Олимпиадасының қола жүлдегері қазақстандық Софья Берульцева каратеден өткен әлем чемпионатындағы жүлдесіне қатысты пікір білдірді. Спортшының сөзін Olympic.kz беріп отыр.

Дубайда өткен біріншілікте Берульцева қола жүлде жеңіп алды.

"Дубайдағы әлемдік сын біздің команда үшін өте сәтті өтті деп ойлаймын. Өйткені, командалық кумитэ бойынша ерлер құрамасы алғаш рет жүлдегер атанды. Одан бөлек, ересектер арасында қыздар командасы да бұрын-соңды медаль алмаған. Яғни, мен Қазақстан атынан әлем чемпионатында алғаш рет жүлде алып отырмын. Сондықтан, қуанышымда шек жоқ. Бұл қола медаль мен үшін алтынға тең. 

Тағы да қуанышты жаңалық естідім. Менің биылғы маусымдағы жетістіктерімді ескеріп, Ұлттық Спорттық жүлдеге үміткерлер қатарына қосқан екен. Өмірімде алғаш рет мұндай байқауға қатысып жатырмын. Спортшылардың еңбегін ешқашан ұмытпай, үнемі қадағалап отыратын Ұлттық Олимпиадалық комитетке рахмет.

Менің жеңісімнің артында бүкіл команданың еңбегі жатыр. Массажшылар, дәрігерлер, кешенді-ғылыми топ мүшелері, барлығына алғысым шексіз. Жанкүйерді әлі талай қуантамыз", - деді Берульцева. 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport