Дзюдо
24 қараша 17:57

Тарихта алғаш рет! Қазақстандық дзюдо клубы Еуропалық турнирде жүлде жеңіп алды

©"Жеңіс" клубы

Қазақстандық "Жеңіс" клубы дзюдодан Чемпиондар лигасының командалық турнирінде қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды Vesti.kz.

Сербияның Белград қаласында командалар арасындағы дзюдодан Чемпиондар лигасының турнирі – European Club Championships Champions League өтті. Бұл турнир 1976 жылдан бері ұйымдастырылып, әлемдік дзюдодағы ең беделді командалық жарыстардың бірі саналады.

Еуропа Чемпиондары лигасында алғаш рет Еуропадан тыс ұжым – Қазақстанның "Жеңіс" клубы бақ сынады. Бұл тарихи оқиғаны Еуропалық дзюдо одағының президенті Ласло Тот тарапынан арнайы атап өтілді.

Турнирдің басында "Жеңіс" Германия клубы Абенсбергті 4:3 есебімен жеңді, ширек финалда Грузия командасы "Голден Гориге" 2:4 есебімен жол берді, ал жұбаныш кезеңінде Италияның "Акияма" клубынан 4:3 нәтижесімен басым түсті.

Қола жүлде үшін өткен белдесуде қазақстандық команда Сербияның жергілікті "Партизан" клубын 4:1 есебімен жеңіп, беделді қола жүлдеге ие болды.

Әсіресе қазақ дзюдошылары Ақерке Рамазанова, Дана Әбдірова, Көркем Орымбек және Аида Тойшыбекованың айрықша үлесін атап өткен жөн.

Сондай-ақ бұл турнирде "Жеңіс" сапында 2022 жылғы әлем чемпионы және Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Музаффарбек Туробоев, Шахрам Ахадов, Айдар Арапов, Әділ Оразбаев, Ансарбек Гайнуллин және Шахзодхуджа Шарипов өнер көрсетті. Олардың барлығы соңына дейін айқасып, өте жоғары деңгейдегі шеберлікті паш етті.

"Жеңіс" Чемпиондар лигасының жүлдегері атанған алғашқы қазақстандық клуб болып, атын тарихқа жазды.

Ал турнирдің жеңімпазы қатарынан екінші жыл Пари Сен Жермен клубы атанды. Бұл команданың сапында әлем және Олимпиада чемпиондары өнер көрсетті.

Тағы бір маңызды жайт – "Жеңіс" құрылған күнінен бастап толықтай жекеменшік клуб болып табылады және кәсіпкер Алмаз Әлсеновтің жеке қаражатына жұмыс істейді.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport