Дзюдо
24 ақпан 2023 14:14

"Өзім таңқаламын". Желіні сүйсіндірген дзюдошы қыздардың әкесі

©

Ақтауда өткен жарыстардың бірінде дзюдошы сіңлісіне көмектесіп, ерекше айла-тәсілдерді көрсеткен жеткіншек қыздың әрекеті жұртты сүйсіндірді. Әпке мен сіңлі арасындағы бауырмалдық сезімді айқын байқатқан видео TikTok желісінде тарап, көпшіліктің ізгі ілтипатына бөленді, деп хабарлайды Vesti.kz сайты Massaget.kz порталына сілтеме жасап.

Жас дзюдошы қыздардың есімі – Зульфия және Мәдина Әбуғали. Мәдина татамиге шыққанда әпкесі Зульфия барынша қолдап, әдіс-тәсілін үйретіп, кимоносын түзеп зор қолдау көрсетеді. Әпке қолдауынан күш алған Мәдина қарсыласын айқын жеңіп, жарыс жеңімпазы атанған.

@almatskiii Поддержка сестры на соревнованиях по дзюдо #дзюдо #жасбатырспортмектебі #сестры #сестрытакиесестры ♬ оригинальный звук - Almat

Әпке мен сіңлі арасындағы қамқорлық пен қолдау, бауырмалдық сезім отбасындағы тәлім-тәрбиеге де байланысты. Қыздардың әкесі – елімізге белгілі айтыскер ақын,  ҚР "Мәдениет саласының үздігі" Нұрлан Әбуғалиұлы Мұсаев, ал анасы ағылшын тілі пәні мұғалімі. Massaget.kz сайтының тілшісі қыздардың әкесімен тілдесіп, кей сұрақтарға жауап алды.

Жас дзюдошылар Манарбек Жұбатқанұлы басқаратын "Жас батыр" спорт мектебінде тәлім алады. Зульфияны елімізге белгілі маман Ақниет Тұрдан, ал Мәдинаны жасөспірімдер арасында Маңғыстаудан шыққан тұңғыш ел чемпионы Аманбек Құлқаев жаттықтырады.

"Зульфия 2021 жылдан, Мәдина өткен жылдан бастап дзюдоға қатысып келеді. Үлкенім ер мінезді, тік. Кішкентайым сәл әлжуаздау, жуас еді. Зульфия басында биге барып жүрген. Бірақ бүйрегі күреске тартып жүргенін байқап, анасын көндіріп дзюдоға бердім. Басында анасы қарсы болған. Кейіннен Мәдина да еріп барып жүріп қатысып кетті. Аралары 1 жас 7 ай", - дейді Нұрлан Мұсаев.

Айтыскер ақын екі қызынан үлкен үміт күтеді. Бірақ "Мәдина талдырмаш, нәзік еді, одан балуан шығады деп ойламадым" дейді.

@nurlan.musaev.084

Екінші айналым. Әбуғали Мәдина.

♬ оригинальный звук - Нұрлан Мұсаев Әбуғалиұлы

"Мәдина нәзік, талдырмаш қыз. Одан балуан шығады деп басында ойламадым. Кейін күрескенде түлеп салатынын байқадым. "Жуастан жуан шығады" демекші, жарыста бойындағы бар күш-жігерін салады. Кейде өзім де таңғалып қаламын", - деп ағынан жарылды.

Нұрлан Мұсаев қыздары жеңістің төріне шығып, биік белестерді бағындырса деп тілейді. Отбасында да қыздарын төрге отырғызып, әкелік ақылы мен білген-түйгенін айтып отырады.

@nurlan.musaev.084

Әбуғали Мәдина. финал.

♬ оригинальный звук - Нұрлан Мұсаев Әбуғалиұлы

"Мен үйде қыздарымды төрге отырғызамын. Кейде қонақтар бұл әрекетімді түсінбей таңданып жатады. Қыз – қонақ. Қазақ қызын төрге отырғызып, төресіндей күткен. Мен де осы халық даналығын ұстанамын. Тыйым салатын тұста ескертіп те отырамын. Тәлім-тәрбие, бауырмалдық, қамқорлық, игі іс пен ізгі ой – біздің отбасылық құндылық. Қыздарымның бойына тек жақсы қасиеттер сіңіргім келеді", - дейді әке.   

Мәдина Әбуғали жуырда ғана Атырауда ұйымдастырылған "Ыстыбай" спорт клубының жарысында бірінші орын алған. Ал ертең Алматыдағы "Титан" клубы турнирінде бақ сынайды. Жас дзюдошыға сәттілік тілейміз!

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport