Ташкент қаласында (Өзбекстан) дзюдодан жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты басталды.
Алғашқы жарыс күнінде жеті қазақстандық дзюдошы татамиге шықты.
Ұлттық құрама сапында Әлішер Тұрсынәлі 60 келіге дейінгі салмақта 1/8 финалға дейін жетті. Ол бұл кезеңде Джонатан Янгқа (АҚШ) жол берді.
66 келіге дейінгі салмақта Ролан Қайырғали бірінші кездесуінде испаниялық Батырхан Асаналиевтен жеңілді. Сондай-ақ дәл осы салмақта Ерасыл Ержанов Израиль өкілі Том Симхаевқа жол берді.
48 келіге дейінгі салмақта Айнара Сейітжанова алғашқы белдесуінде өзбекстандық Лазиза Хайдароваға есе жіберді. Дәл осы салмақта Айзат Наукенова үндістандық Ангел Ядавтан жеңіліп қалды.
52 келіге дейінгі салмақта Нұрбала Зайнул бірінші кездесуінде испаниялық Марта Беорлеги Осеске жол берді.
Зарина Мұрадасыл 57 келіге дейінгі салмақта жапониялық Канна Маэдадан айласын асыра алмады.
Осылайша Қазақстан құрамасы алғашқы жарыс күнін жүлдесіз аяқтады.