Қазақстандық Ансарбек Ғайнуллин Әзербайжанның Баку қаласында өтіп жатқан дзюдодан 2026 жылғы әлем чемпионатындағы алғашқы белдесуінде жеңіліп қалды, деп жазады Sports.kz.
73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің 1/32 финалында Ғайнуллин франциялық Дайян Булемтафеспен белдесіп, үш "шидо" ескертуін алғаннан кейін дисквалификацияға ұшырап, жеңіліс тапты. Осылайша, қазақстандық спортшы жарыс жолын аяқтады.
IJF әлемдік рейтингінде Ансарбек Ғайнуллин 54-орында тұрса, Дайян Булемтафес 22-сатыда орналасқан.
Дзюдодан әлем чемпионаты Бакуде 4 қазанда басталып, 10 қазанға дейін жалғасады. Әзірге Қазақстан құрамасының қоржынында бір ғана жүлде: 60 келіге дейінгі салмақта Шерзод Давлатов күміс жеңіп алды.