Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) жаңартылған әлемдік рейтингті жариялады. Онда Қазақстанның Олимпиада чемпионы Елдос Сметов өз позициясын жақсартты, деп хабарлайды Vesti.kz.
60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қазақстандық бір сатыға жоғарылап, 1710 ұпаймен 23-орынға көтерілді. Ал Қазақстанның тағы бір өкілі Мағжан Шамшадин төрт саты төмендеп, 1485 ұпаймен 26-сатыға жайғасты.
Топ-3 тізімдегі өзгеріс
Рейтингтің жоғарғы бөлігінде де өзгерістер бар. Бірінші орынға ресейлік дзюдошы Аюб Блиев көтеріліп, бірден бес сатыға жоғарылады (4390 ұпай). Екінші орынды франциялық Ромен Валадье-Пикар (3928) сақтап қалды, ал үшінші орында жапониялық Рюю Нагаяма (3670) тұр.
Сметовке қатысты жағдай
Сметовтың соңғы ресми жарысы - 2024 жылы Парижде (Франция) өткен Олимпиада ойындары, онда ол алтын жеңіп алған еді. Одан кейін спортшы үзіліс алып, біраз уақыт шетелде ағылшын тілін үйренумен айналысты, кейін иығына ота жасатты.
2025 жылдың соңында Елдос Сметов жаттығу процесіне қайта оралды. Алайда қазіргі таңда ол әлі ұлттық құрама сапында жарыстарға қатысып жатқан жоқ.
Жарнама