8–10 мамыр күндері Астанада дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam халықаралық рейтингтік турнирі өтеді. Бұл жарыс елордада төртінші рет ұйымдастырылып, әлемнің үздік дзюдошыларын бір алаңға жинамақ, деп хабарлайды Vesti.kz.
Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) ресми күнтізбесіне енген беделді турнир Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайында өтеді.
IJF талаптарына сәйкес, жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге әлемдік және Олимпиадалық рейтинг ұпайлары үлестіріледі. Атап айтқанда, бірінші орынға – 1000, екінші орынға – 700, үшінші орынға – 500 ұпай беріледі.
Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінде спортшылар 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін жазғы Олимпиада ойындарына жолдама алуға мүмкіндік беретін маңызды ұпайлар жинайды.
Жарысқа Олимпиада ойындарының, әлем және құрлық чемпионаттарының жүлдегерлері мен жеңімпаздары қатысады деп күтілуде.
Айта кетсек, Қазақстан дзюдо федерациясы мен Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) 2023 жылы қол қойған екіжақты келісімшартына сәйкес, Қазақстан әлемдік Grand Slam жарысын 2026 жылға дейін қабылдайды.
Сондай-ақ 2027 жылы Астана қаласында дзюдодан әлем чемпионаты өтеді.