Қазақстандық дзюдошы қыз Абиба Әбужақынова сырғалым (сырға салу дәстүрі) атанды. Ол дзюдошы Ермахан Ануарбековке тұрмысқа шығатыны мәлім болды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Спортшы екі күн бұрын сүйіктісінің ұсынысын қабыл алғанын хабарлаған еді, ал бүгін оған дәстүрлі сырға салу рәсімі өтті. Дзюдошы қыз тұрмысқа шыққанымен, мансабын жалғастыратынын жазды.
«Сырғалым атандым. Бірақ спорттан кеткен жоқпын. Алда — 2028 жылғы Жазғы Олимпиада. Мен әлі де күресемін», - деп жазды дзюдошы threads желісіне.

Абибаның жұбайы да дзюдошы. Ермахан — Almaty Junior Asian Cup турнирінің жеңімпазы, Қазақстан Республикасының чемпионы, дзюдодан Қазақстан Республикасының спорт шебері, Grand Slam және Grand Prix сияқты беделді турнирлердің бірнеше дүркін қатысушысы.
Желі қолданушылары жас жұпқа жылы лебіздерін білдіріп, «Олимп шыңын бірге бағындырыңдар» деген тілектерін жаудырып жатыр.
Жарнама