"Ювентус" қатарынан тоғызыншы рет Италия чемпионы атанып рекорд орнатты

Reuters

Туриндік "Ювентус" Италия чемпионы атанды. 

36 тур ойынында "Ювентус" Туринде "Сампдория" клубын қабылдап, жеңіске жетті. Осылайша Маурицио Сарри баптайтын команда чемпион атанды. Ойын 2:0 есебімен аяқталды. Кездесудегі есепті Криштиану Роналду (45+7 минут) ашса, Федерико Бернардески (67 минут) есепті еседі. Ал 89 минутта Роналду пенальти соға алмады. 



Осы жеңістен кейін "Ювентус" екінші орында келе жатқан "Интерден" жеті ұпай озып кетті. Италия біріншілігінің аяқталуына екі тур қалды. Сондықтан миландық клуб басты қарсыластарына жете алмайды. 

"Ювенуст" Италия А сериясын осымен 36 рет ұтты. Бір айта кететіні, туриндік команда тоғызыншы рет қатарынан чемпион атанып отыр. 61 жастағы команданың бас бапкері Сарри үшін бұл бірінші чемпиондық атақ. 

Жалпы, Италияда чемпион болу көрсеткіші бойынша "Ювентус" бірінші орында келеді. Ал 18 реттен топ жарған "Интер" мен "Милан" екінші орында. 




 

Метки: