"Сарыарқа" хоккей клубының қорғаушысы Эдгарс Сиксна командамен келісімшартын тағы бір жылға ұзартты, - деп хабарлайды қарағандылық клубтың баспасөз қызметі.
Осылайша, 27 жастағы латвиялық ойыншы үшін қазақстандық клубта алтыншы маусым басталды. Хоккейші "Сарыарқа" сапына 2015/2016 маусымында "Динамо" (Балашиха) командасынан ауысып келген, оған дейін ригалық "Динамомен" ҚХЛ-де өнер көрсеткен.
Өткен маусымда Сиксна ЖХЛ тұрақты чемпионатында 51 матчте ойнап, 17 (6+11) ұпай жинады, ал плей-офф кезеңіндегі алты матчте бір нәтижелі пас берді.
Эдгарс Сиксна "Сарыарқаның" ең нәтижелі қорғаушысы, командадағы бес маусымда ол 88 (22+66) балл жинады.