Құрлықтың хоккей лигасы (ҚХЛ) "Барыстың" Нижний Новогордтағы "Торпедо" командасына қарсы ойынын кейінге шегерді, деп жазды қазақстандық клубтың баспасөз қызметі.
Ойын Нұр-Сұлтан уақытымен бүгін 22:00-де өтуі керек еді. Бірақ ресейлік команданың хоккейшілерінен коронавирус анықталған.
"11 ақпан күнгі мәлімет бойынша, "Торпедо" командасының 11 хоккейшісінен және екі қызметкерінен коронавирус анықталды.
КХЛ командалары арасында COVID-19 таратпау үшін лига 11 мен 13 қаңтарға белгіленген №573 нөмірлі "Торпедо" - "Барыс" және №585 "Торпедо" - "Куньлунь Ред Стар" арасындағы ойынды өткізбеу туралы шешім шығарды.
Бұл ойындардың нақты қашан өтетіні туралы шешім кейінірек шығарылады", - деп жазады "Барыс" командасының ресми сайты.
Еске салайық, бұған дейін коронавирусқа байланысты ҚХЛ маусымы мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін деген ақпарат шыққан болатын. Бірақ кейін бұл мәлімет расталмады.
Ал қазіргі уақытта "Барыс" сырт айдындағы ойындарын өткізіп жатыр. Енді біздің команда 13 қаңтар күні "Витязь", ал 15 қаңтар күні "Салават Юлаевпен" кездеседі.