Бүгін, 8 қаңтарда астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионатындағы кезекті матчін өткізеді. Қазақстандық клубтың қарсыласы - қазандық «Ак Барс», деп хабарлайды Vesti.kz.
Кездесу Қазан қаласында өтеді және Астана уақытымен 19:00-де басталады. Ойын Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі, сондай-ақ, трансляция арнаның ресми сайтында қолжетімді болады.
Қазіргі таңда «Ак Барс» 58 ұпай жинап, Шығыс конференциясының үшінші орнында тұр. Ал «Барыс» 36 ұпаймен турнирлік кестеде оныншы, яғни соңғыдан бір саты жоғары орында орналасқан.
Астаналық клубтың сырт алаңдағы сериясы 10 қаңтарда уфалық «Салават Юлаевқа» және 12 қаңтарда екатеринбургтік «Автомобилистке» қарсы матчтармен аяқталады.