Бүгін, 30 қазанда елордалық "Барыс" ҚХЛ тұрақты чемпионаты аясында сырт алаңда қытайлық "Шанхай Дрэгонс" клубымен кездеседі, деп хабарлайды Vesti.kz.
Санкт-Петербургтегі "СКА Аренада" өтетін матч Қазақстан уақытымен 21:30-да басталады. Кездесудің тікелей трансляциясы Qazsport телеарнасында көрсетіледі, ал эфир 21:20-да басталады.
Елордалық клуб сырт алаңдағы ұзақ сапарын жалғастырып жатыр. Алдағы кездесулерде "Барыс" Челябінің "Тракторымен" (4 қараша), Владивостоктың "Адмиралымен" (6 қараша) және Хабаровскінің "Амурымен" (8 қараша) ойнайды.
Михаил Кравец шәкірттері соңғы матчында сырт алаңда Минскінің "Динамосын" 1:0 есебімен ұтты. Оған дейін астаналық команда қатарынан үш кездесуде жеңіліс тапқан еді: "Амурдан" (2:5), "Адмиралдан" (4:5, овертаймда) және "Автомобилисттен" (1:4).
"Барыс" 20 матчта 23 ұпай жинап, ҚХЛ Шығыс конференциясында үшінші орында тұр. Ал "Шанхай Дрэгонс" 18 ойында 26 ұпай еншілеп, Батыс конференциясында алтыншы орынға жайғасқан.
Жарнама