Тяжелая атлетика
25 тамыз 2020 17:13

Зульфия Чиншанло Өзбекстанда өтетін онлайн турнирге қатысады

Зульфия Чиншанло. Сурет: Reuters©
Қазақстандық ауыр атлеттер - Зульфия Чиншанло (55 кило) мен Ибрагим Берсанов (109 килодан жоғары) Өзбекстан тәуелсіздігі кубогі жарысына қатысады,-деп хабарлайды Қазақстан ауыр атлетика федерациясының ресми сайты. 

Халықаралық турнир 27 және 30 тамыз аралығында өтеді. Бір айта кетерлігі, турнир онлайн өтеді. Спортшылар бәсекеге үйінен немесе жаттығу залынан қатысады. Ұйымдастырушылар жаттығуға және видеоқұрылғының орналасуына байланысты арнайы ереже ойластырған. Бірақ бұл турнирдің нәтижесі мен рекорды ресми тіркелмейді. 

"Турнирдің онлайн режимде өтуіне қарамастан бұл біз үшін маңызды сайыс. Бірінші кезекте жарыс команда ішіндегі бәсекелестікті арттырады. Спортшылар жарысты әбден сағынды. Сондықтан бұл турнирге үлкен жауапкершілікпен қатысамыз", - деді ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері Бақыт Ахметов. 

Қазір Қазақстан құрамасының спортшылары карантинде. Коронавирусқа тест тапсырып болғаннан кейін олар оқу жаттығу жиындарын бастайды. 

Чиншанло жарыс жолына 28 тамыз күні шығады. Нұр-Сұлтан уақытымен бұл бәсеке 18:00 мен 20:00 аралығында өтеді. Берсанов болса 30 тамыз күні сынға түседі. Турнир Халықаралық ауыр атлетика федерациясының YouTube арнасында тікелей көрсетіледі.