Владимир Седовтың ағасы сотталуға шақ қалды
Ауыр атлетикадан Қазақстан ерлер құрамасының аға жаттықтырушысы, танымал спортшы Владимир Седовтың ағасы Сергей Седов сотталуға шақ қалды, деп хабарлайды «Время» газеті.
Ауыр атлетикадан Қазақстан ерлер құрамасының аға жаттықтырушысы, танымал спортшы Владимир Седовтың ағасы Сергей Седов сотталуға шақ қалды, деп хабарлайды «Время» газеті.
Сергей Седовтың қатысумен болған істі Алматы қаласы Бостандық ауданының соты қарастырыпты. Бапкердің қатысумен болған оқиға өткен жылдың 24-қыркүйегінде болған. Үш досымен бірге Седов Алматы қаласындағы кафелердің бірінде алкоголь ішіп отырған. Отырыс барысында ішіп отырғандардың бірі үстел басында ұйықтап кеткен. Бұл жағдай Седовқа ұнамай қалған екен. Алдымен бапкер ұйықтап кеткен досына ескерту жасаған. Сонсоң оны далаға шақырып, әңгімелескен екен.
Екеуара әңгімеден кейін мәселе шешілгендей болған. Мас болып қалған екі дос кафенің ішіне кіріп кеткен. Ал, Седов тағы бір досымен бірге жаяу үйіне қайтып бара жатқан. Бірақ, шамалы уақыт өткеннен кейін әлі екі досы арттарынан қуып жеткен. Осы сәтте Седов бір ғана соққы жасап, мас болып қалған досын сұлап түсірген. Соққы алған азамат жерге баспен құлаған. Соның салдарынан да ауыр жарақат алып, сотқа арызданған.
Сот медициналық экспертизаның қорытындысы бойынша, зардап шеккен азаматтың бас сүйегі сынып, миына зақым келген. Мұндай әрекеті үшін Сергей Седов 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екен. Бірақ, Седов сот залынан кінәсіз болып шықты. Өйткені, бапкер өз кінәсін толық мойындап, жапа шеккен досымен татуласып, тігізден зардабының шығынын толық өтеген. Сондықтан да бұл істі жүргізген сот Теміржан Құдабаев Седовты 3 жылға шартты түрде бостандығынан айырып, зардап шеккен азаматқа 2,5 миллион теңге шығын төлеп берумен шектелді.
Айта кетейік, 31-жастағы Сергей Седов Қазақстан ерлер құрамасының бапкері ретінде 2016 жылдың 15-сәуірінде тағайындалған болатын. Ал, оған дейін ол Алматы облысы ауыр атлетика федерациясында қызмет атқарған. Осы уақытқа дейін ол 2016 жылғы Олимпиада ойындарының жүлдегері Карина Горичева, Селимхан Әубәкіров, Семен және Альберт Линдер секілді талантты зілтеміршілерді тәрбиелеп шығарған.
Жарнама