Қазақстандық ауыратлет Нижат Рахимов допинг дауына қатысты сот отырысы алдында жанкүйерлерге арнайы мәлімдеме жасады, деп жазады Vesti.kz тілшісі.
"Ертең мені сынамаларды ауыстырды деп айыптаған іске байланысты отырыс өтетінін хабарлағым келеді.
Қаңтар айынан бері біздің федерация тәжірибелі адвокаттармен таза спортшы екенімді қорғап қалуға көмектесіп жатыр. Мұны жазу мен үшін әрине қиын. Бірақ маған дәл қазір сіздің қолдауларыңыз қатты қажет.
Отырыстың нәтижесі қандай болатыны - Жаратушыға ғана белгілі. Мені спорттан шеттете ме, Олимпиада ойындарын жүлдесін тартып ала ма - маған белгісіз. Бір ғана нәрсе айтқым келеді - мен біздің ереже бойынша әрекет жасадым. Ал тест алу қалай өткенін білмеймін. Оны мамандардың ұяты біледі.
Олимпиада ойындары кезінде мен сынама тапсырдым, одан ешқандай ереже бұзушылық табылмады. Бірақ арада бес жыл өткен соң қайта қарап, маған кінә таққаны әділетсіз.
Ауыр атлетика - мен өмір бойы айналысып келе жатқан жұмысым. Ауыр жұмысым. Алайда бұл жолды таңдағаныма еш өкінбегенмін.
Мен өзімді сыйлаймын. Спортты және жанымда бірнеше жылдан бері жүрген адамдарды сыйлаймын.
Сіздер мені тек жеңіске жеткен сәтте ғана емес, осындай қиын шақта да қолдайды деп сенемін. Бұл қиын сынақтан өтуім керек. Ары қарай жүріп, өзім үшін, Қазақстан үшін жеңіске жетуім керек. Мен сіздермен біргемін", - деп жазды спортшы Instagram-парақшасында.
Еске салайық, Рахимов 2016 жылы Рио-де-Жанейро Олимпиадасын жеңгеннен кейін допинг сынамаларын ауыстырды деп айтыпталып жатыр. Егер оның кінәсі дәлелденсе, ол шеттетіледі. Тіпті спорттан өмір бойына шеттетілуі мүмкін.