Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының өкілі Едіге Емберді Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтіп жатқан Ислам ынтымақтастығы ойындарында екі жүлде жеңіп алды.
Алдымен спортшы жұлқа көтеруде үшінші орын алды.
Кейін серпе көтеруде 191 келіні бағындырып, екінші болды да, күміс жүлдеге ие болып отыр.
Сондай-ақ, Емберді қоссайыстың қорытындысы бойынша (343 келі) қола жүлде алған болатын.
"Қазір аяғымда кішігірім жарақат бар. Норвегияда өткен әлем чемпионатында алған едім. Сол себепті екі жаттығу да мен үшін оңай болған жоқ.
Ислам ойындарына дайындық кезінде 60%-дан артық күш салған жоқпын. Соған қарамастан, өз ойлағанымнан да жоғары нәтиже көрсете алдым. Екі жаттығуда да және қоссайыс бойынша да медаль бар.
Аяғым ауырмағанда серпе көтеруде бірінші орынды, ал қоссайыста күміс жүлдені жеңіп алуға болатын еді.
Енді емделіп, әрі қарай дайындыққа кірісемін. Салмақ дәрежелері өзгеруі мүмкін деген ақпарат бар. Сондықтан дұрыс шешім қабылдап, келесі жылы бұдан да жоғары жетістікке жетеміз", - деді Едіге Емберді жарыстан кейін.
Жарнама