Допинг дауы! Қазақстандық Олимпиада жүлдегері спорттан шеттелді
Қазақстандық ауыр атлет, Токиодағы жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Игорь Сон допинг дауына байланысты спорттан 8 жылға шеттетілді. Бұл туралы Ұлттық антидопинг орталығының ресми сайты хабарлады.
Қазақстандық ауыр атлет, Токиодағы жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Игорь Сон допинг дауына байланысты спорттан 8 жылға шеттетілді. Бұл туралы Ұлттық антидопинг орталығының ресми сайты хабарлады.
Игорь Сон 8 жыл бойы спорттық жарыстарға қатыса алмайды. Нақтырақ айтсақ, 2030 жылдың наурыз айына дейін қатысуға рұқсаты жоқ. Ал шеттетілу уақыты 2022 жылдың наурыз айынан басталған. Спортшының допинг сынамасынан метастерон анықталған.
Қазақстандық атлет 2020 жылы Токиода 61 келіге дейінгі салмақта қола жүлде еншілеген еді. Ал 2019 жылы әлем чемпионатында күміс алған.
Игорь краьерасында екінші рет допинг дауына ілігіп отыр. Бұған дейін қазақстандық ауыр атлет 2015 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатынан кейін бірнеше айға жарыстардан шеттетілген. Ол кезде спортшы тыйым салынған препарат ағзасына биоқосымшалар арқылы түскенін дәлелдеп шыққан еді.
Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) ережесіне сәйкес, допинг қолданғаны жарыстардан шеттетілген спортшының Олимпиададағы нәтижесі де жойылады. Игорьды да сондай жағдай күтіп тұруы мүмкін.
Қазақстанның Ұлттық антидопинг орталығы Игорь Сонды ғана емес, бірқатар спортшыларды жарыстардан шеттетті. Олардың қатарында ауыр атлеттерден өзге таеквондо мен жеңіл атлетика өкілдері да бар.
Жарнама