Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының мүшесі Нұрғиса Әділетұлы Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өтіп жатқан Ислам ынтымақтастығы ойындарында үш алтын жеңіп алды.
Қазақстандық зілтемірші 94 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде тамаша нәтиже көрсетіп, серпе көтеруде ол 210 келіні бағындырып, үздік шықты. Сондай-ақ ол қоссайыс қорытындысы бойынша да топ жарып, 385 келіні еңсерді.
Ал оған дейін Нұрғиса жұлқа көтеруде 175 келіні бағындырып, алтын алған еді.
Атлет жарыстан кейінгі әсерімен бөлісіп, алдағы жоспарлары жайлы айтып берді.
“Қазақ елі, міне, қоржынымызда үш алтын бар! Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Қолдау көрсеткен жанкүйерлерге көп рақмет!
Екінші жаттығуда өз күшімді толық сезіне алмадым. Ұзаққа созылғандықтан, көңіл-күйім де түсіп кетті. Дегенмен құдайдың қалауымен қоржынымызда үш алтын. Осы үш алтынды барша қазақ халқына арнаймын.
Рекордты жаңартуға болар еді. Бірақ осындай деңгейге жеткен соң, сәл қобалжу болды. Әлі алда көптеген жарыс бар. Сондықтан әлі талай әлем рекордын жаңартамыз.
2026 жылы Азия ойындары мен чемпионаты, әлем чемпионаты өтеді. Осы 95 келі салмақта өнер көрсетемін”, - дейді спортшы.
Жарнама