Нариман Курбанов пен Милад Карими әлем чемпионатының финалында

©kazsports.kz

Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында спорттық гимнастикадан 51-ші әлем чемпионаты өтіп жатыр, деп жазады Vesti.kz тілшісі Спортты дамыту дирекциясының ресми сайтына сілтеме жасап.

Бүгін 2 қазақстандық жекелей сында финалға жолдама алды. Милад Карими еркін жаттығуда 14.733 ұпаймен 3-орын алса, Нариман Курбанов ат снарядында өнер көрсетіп, 3-сатыға тұрақтады (15.033 ұпай). Жеке бағдарламадағы финал 5 қарашада өтеді. Мұнда іріктеуде алған ұпайлар есепке алынбайды.

Өкінішке қарай, командалық сында ұлттық құрама іріктеуде 18-болып, ақтық сынға өте алмады. Ел намысын Милад Карими, Нариман Курбанов, Дмитрий Патанин, Ілияс Азизов пен Эмиль Ахмеджанов қорғады.

Әйелдер арасындағы іріктеуде қазақстандық Аида Бауыржанова 77 (46.765 балл), ал Көркем Ербосынқызы 107-сатыдан (41.799) көрініп, келесі кезеңге өте алмады.

Айта кетейік, Ливерпульде апта бойы 74 елден келген 400-ден астам таңдаулы гимнаст өзара бақ сынайды. Бұл қатарда былтырғы 6 әлем чемпионы бар.

Биыл Әлем чемпионатына алғаш рет Әлем Кубогі кезеңдері мен құрлық чемпионаттары арқылы іріктеу жүргізілгенін айта кеткен жөн.

Жалпы Ливерпуль – спорттық гимнастикадан Әлем чемпионатын қабылдап жатқан Ұлыбританиядағы 4 қала. Бұған дейін Бирмингем (1993), Лондон (2009) мен Глазгода (2015) жылдың үздіктері анықталған.

Бұл додада Париж Олимпиадасында өнер көрсететін 6 команда (ерлерден 3, әйелдерден 3) анықталмақ. Ал келесі жылғы әлем чемпионаты Бельгияның Антверпен қаласында өтеді.

 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Жаңалықтар