Еркін күрестен Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына толық құраммен қатыспайды. Бұл туралы бас бапкер Әсет Серікбаев Olympic.kz сайтына хабарлады.
Бапкердің айтуынша, қазақстандық балуанның әлем біріншілігіне қатысуына жарақаты кедергі келтіреді.
"92 келіде белдесетін Әділет Дауланбаев жарақатына байланысты әлем чемпионатына қатыспайтын болды. Дәрігерлер тіпті жаттығуға да рұқсат берген жоқ. Ал оның орнына спортшыны ауыстырып, виза дайындауға үлгермейміз", - деп түсіндірді бас бапкер Әсет Серікбаев.
Қазақстан құрамасынан әлем чемпионатына енді тоғыз спортшы қатысады. Олар:
57 келі: Мейрамбек Қартбай
61 келі: Адлан Асқаров
65 келі: Әділ Оспанов
70 келі: Сырбаз Талғат
74 келі: Нұрқожа Қайпанов
79 келі: Болат Сақаев
86 келі: Азамат Дәулетбеков
97 келі: Әлішер Ерғали
125 келі: Олег Болтин