Франция құрамасының жаңа бас бапкері Зинедин Зидан ұлттық команданың капитаны Килиан Мбаппемен әлі сөйлеспегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Француз маманының айтуынша, қазіргі таңда шабуылшы үшін ең маңыздысы – ауыр маусым мен әлем чемпионатынан кейін толыққанды демалып, күш жинау. Ал алғашқы жеке кездесу күзде өтеді.
"Килианмен әзірге сөйлескен жоқпыз. Қазір ол үшін ең маңыздысы – аяқталған маусым мен әлем чемпионатынан кейін жақсылап демалып, күшін қалпына келтіру. Онымен, сондай-ақ ұлттық құраманың барлық ойыншыларымен жақын арада - қыркүйекте сөйлесеміз", – деді Зидан Франция футбол федерациясының ресми сайтына берген сұхбатында.
Еске салайық, 28 шілдеде Франция футбол федерациясы 54 жастағы Зинедин Зиданды ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне ресми түрде тағайындағанын жариялаған еді. Аңызға айналған франциялық маманымен жасалған келісімшарт 2030 жылғы әлем чемпионаты аяқталғанға дейін есептелген.
Килиан Мбаппе Франция құрамасы сапында 106 матч өткізіп, 66 гол соқты. Ал 2026 жылғы әлем чемпионатында 10 голмен турнирдің үздік сұрмергені атанды.
Айта кетейік, Зиданның соңғы жұмыс орны мадридтік "Реал" болды. Ол "Корольдік клубты" екі кезеңде – 2016-2018 және 2019-2021 жылдары жаттықтырды. Осы уақыт аралығында "Реал" оның жетекшілігімен 11 трофей жеңіп алды. Оның ішінде Чемпиондар лигасындағы қатарынан үш чемпиондық ерекше орын алады.