ПСЖ командасының қақпашысы Серхио Рико ауыр жарақатына байланысты жасыл алаңға қайта орала алмауы мүмкін. Қазіргі таңда спортшы ес жиып, емін қабылдауда.
29 жастағы қақпашыны мамыр айының соңында ат теуіп, басынан алған ауыр жарақатынан кейін ауруханаға түскен болатын. Қақпашы 20 күнге жуық жан сақтау бөлімінде жатқан. Қазір жағдайы жақсарып, денсаулығына алаңдаған жанкүйерлеріне жауап жаза бастаған.
Marca басылымының ақпараты бойынша, ат Серхио Риконың басынан тепкен. Егер жарақат тағы жарты сантиметр терең болса, спортшы сол сәтте жан тапсырған болар еді. Оған дәл уақытында алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген.
Серхио Рико ауруханада жатқанда 20 келі салмақ тастаған. Ол енді ұзақ уақыт емделеді деп күтілуде, ал кәсіпқой футболға оралуы екіталай.