Франция құрамасының шабуылшысы Килиан Мбаппе "Пари Сен-Жермен" командасынан кетуге ниетті. Бұл туралы AS.com басылымы хабарлады.
Басылымның ақпараты бойынша, шабуылшы париждік командамен жаңа келісімшарт жазуға қарсы. Сонымен қатар ол 2021/2022 жылғы маусымда командада қалғысы келмейтінін айтқан. Ол қандай ұсыныс болса да бас тартуға ниетті. Өйткені, Мбаппе шынымен ПСЖ сапынан кеткісі келеді екен.
Шабуылшының ПСЖ командасымен 2022 жылдың маусымында келісімшарты аяқталады. Бірақ ол тамыздың соңына дейін командадан кетісі келіп жатыр. Оған себеп, команданың спорттық директоры Леонардомен қарым-қатынастың нашар болуы. Сондықтан да Мбаппемен жаңа келісімшарт бойынша келіссөзді париждік команданы президенті Нассер Аль-Хелаифи жүргізеді. Ол жуық арада шабуылшымен кездесіп, командада қалу туралы жаңа ұсыныс жасайды.
Сондай-ақ басылым ПСЖ командасы Мбаппеге қатысты нақты ұсыныс алмағанын жазады. Ал бұған дейін оны мадридтік "Реал" сатып алуға ниет білдірген. Бірақ биыл емес, келесі жылы.
Мбаппе ПСЖ сапында 2017 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Өткен маусымда ол Франция чемпионатында 31 ойынға қатысып, 27 гол соғып, жеті голдық пасты берген.
Transfermarkt мәліметі бойынша, Мбаппе қазіргі уақытта әлемдегі ең қымбат футболшы. Оны футбол нарығында 160 миллион еуроға бағаланып отыр.