Әлемдегі ең қымбат футболшы алдағы маусымды қай командада ойнайтыны анықталды

Сурет: Eurosport

Франциялық "Пари Сен-Жермен" клубының шабуылшысы Килиан Мбаппе келесі маусымда да париждік команданың сапында ойнайтынын растады. 

"Мен ПСЖ сапында қаламын. Бұл жобаның бір бөлігі болғым келеді. Келесі маусымда ПСЖ қатарында ойнап, командамен көп жүлде жеңгім келеді. Бұл жобада жүргеніме төртінші жыл болады. Маңызды жыл болайын деп тұр. Клуб 50 жылдық мерейтойын атап өтеді. Сондықтан өзімді жақсы қырынан көрсетіп, жүлде жеңу үшін қолымнан келгеннің барлығын жасаймын. Бұл команда үшін де, жанкүйерлер үшін де маңызды", - деп келтіреді Мбаппенің сөзін beIN Sports порталы. 

2019/20 жылғы маусымда Мбаппе ПСЖ сапында барлық турнирде 33 кездесуге қатысып, 30 гол және 17 нәтижелі пас берді. Коронавирус пандемиясына байланысты Францияның 2019/20 жылғы маусымы уақытынан бұрын тоқтатылды. ПСЖ чемпион атанды. 

Мбаппеге "Реал" қызығып отыр деген ақпарат бұған дейін бірнеше рет шыққан еді. Осы сұраққа шабуылшының өзі нүкте қойып отыр. 21 жастағы шабуылшы әлемнің ең қымбат футболшысы. KPMG Football Benchmark есебі бойынша, оның трансферлік құны 225 миллион еуро екен. 









 

Метки: