Қазақстан мен Франция кездесуіне жанкүйерлер кіре ала ма? ҚФФ жауап берді

Сурет: ҚФФ

2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Қазақстан мен Франциясы арасындағы кездесуге жанкүйерлерді жіберуі мүмкін. Бұл туралы ҚФФ ресми сайтында хабарлады. 

D тобындағы бұл ойын Нұр-Сұлтан қаласында 28-наурыз күні өтеді. Бұл қазақстандық футболшылар үшін іріктеу кезеңіндегі бірінші матч болады. Франция құрамасы қазіргі таңда әлем чемпионы. 

"Қазақстан футбол федерациясы Нұр-Сұлтан қаласының бас дәрігерімен алдағы ойынға жанкүйерлерді кіргізу туралы келіссөз жүргізіп жатыр. Егер шешім оң болса, Қазақстан мен Франция арасындағы ойынға 30 пайыз жанкүйерлер кіреді. Ал билеттер 10-12 наурыз аралығында сатылымға шығады", - деп жазды ҚФФ баспасөз қызметі. 

Айта кетейік, алдағы әлем чемпионаты 2022 жылдың 21-қарашасы мен 18-желтоқсаны аралығында өтеді. Әлем чемпионатының финалдық кезеңіне тікелей жолдаманы топтан бірінші орын алған құрамалар иеленеді. Ал топтық кезеңнің қорытындысы бойынша екінші орын алған 12 команда мен 2020/2021 маусымда Ұлттар лигасында үздік шыққан екі команда тоғыспа кездесулерде үш жолдаманы сарапқа салады. 

Қазақстан құрамасының ойын кестесі: 

28.03.2021 Қазақстан - Франция
31.03.2021 Украина - Қазақстан
01.09.2021 Қазақстан - Украина
04.09.2021 Финляндия - Қазақстан
07.09.2021 Босния және Герцеговина - Қазақстан
09.10.2021 Қазақстан - Босния және Герцеговина
12.10.2021 Қазақстан - Финляндия
13.11.2021 Франция - Қазақстан

Метки:
Жаңалықтар