"Астана" "Шахтерді" жеңіп Қазақстан Суперкубогінің финалына шықты

Сурет "Астана" сайтынан алынды.

Бүгін, 2-наурыз күні Қазақстан Суперкубогінің жартылай финалдық ойынымен елімізде жаңа футбол маусымы басталды,- деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі. 

Суперкубоктің бірінші жартылай финалында "Астана" мен "Шахтер" командасы кездесіп, 2:0 есебімен елордалық команданың жеңісімен аяқталды. 

Кездесудегі есепті ойынның 18-минутында черногориялық қорғаушы Жарко Томашевич ашты. 

Ал матчтың 73-минутында "Астана" командасы мен Армения құрамасының шабуылшысы Тигран Барсегян есепті еселеді. 

Айта кетейік, екінші таймда "Шахтер" командасы қақпашысын ауыстыруға мәжбүр болды. Бірінші таймның соңында Игорь Щацкий Томашевичпен соғысып, жарақат алды. Екінші таймда оның орнына қақпаға Тимурбек Закиров тұрды. 

Ал "Астана" командасының қақпасын Дмитрий Непогодов қорғады. Осы ойынның алдында елордалық ұжым командадан қақпашы Ненад Эричтің кеткенін мәлімдеп, оның нөмірін қолданыстан шығарғанын айтты. Бұл ойында "Шахтерді" қазақстандық маман Әли Әлиев басқарды. 

Енді финалдық ойында "Астананың" қарсыласы ертең анықталады. Ертең екінші жартылай финалда "Қайрат" пен "Тобыл" командалары кездеседі. 5-наурыз Суперкубоктің үшінші орын үшін ойыны өтсе, финал 5-наурызға белгіленген. 

Еске салайық, биыл Қазақстан Суперкубогі жаңа форматта Түркістан қаласында өтуде. Бұған дейін Суперкубокті ішкі біріншіліктің жеңімпазы мен кубок иегері сарапқа салатын. Биыл төрт команда арасында ойнатылып жатыр. 

Турнирдің жалпы жүлде қоры 40 миллион теңге. 

 

 

 

Метки:
Жаңалықтар